Құтқарушылар мен шәкірттер Тұңғыш Президент мұражайын көріп қайтты

Құтқарушылар мен шәкірттер Тұңғыш Президент мұражайын көріп қайтты

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен болашақ құтқарушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Тұңғыш Президент мұражайына барып қайтты. Тұңғыш Президент күнін мерекелеу қарсаңында Елбасы кітапханасына арнайы барған қызметкерлерге экскурсия ұйымдастырылды.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шара мемлекет басшысының қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы және қазақстандық қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі ауқымды тарихи рөлін кеңінен түсіндіру, қазақ халқының мәдени мұрасымен және заманауи өнерімен, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен таныстыру және жастарға патриоттық және идеологиялық  тәрбие беру мақсатында өткен.

Елімізде құтқарушы мамандарын дайындайтын жалғыз белді оқу орны бар: ол – Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы. Құтқарушы ағаларынан қалмай, академия курсанттары да Тұңғыш Президент мұражайына – Елбасы кітапханасына барып қайтқан екен. Оқуда, қоғамдық жұмыста озат, көзге түскен курсанттар арнайы экскурсия көріп қайтты.

ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұражайға саяхат алдымен Елбасы туралы бейнероликті көруден басталды. Мұражайда 7 көрме залы бар. Мұражай экспозициялары Қазақстанның қалыптасуының маңызды кезеңдері, Елбасының өмірі мен қызметі туралы баяндайды. Мұнда барлық дерлік ақпарат заманауи және бірегей үлгіде – 3D форматында ұсынылады. Сондай-ақ курсанттар шығыс шетел университеттері сыйлаған  қылыштар мен қанжарлардан  тұратын қару-жарақ галереясының залында болды.

Сондай-ақ курсанттар чемпиондарымыздың спорттық атрибуттарымен, халық  музыкалық аспаптарымен танысты.

Экскурсия соңында болашақ құтқарушылар мұражайдың электронды кітабына өз тілектерін қалдырды.

Бұл экскурсия Мемлекет басшысының саяси тәжірибесін, оның еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жасампаз идеялары мен бастамаларын зерделеуге, Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен, қазақ халқының мәдени мұрасымен танысуға, еліміздің заманауи өнер әлеміне енуге мүмкіндік береді.

Қ. Слямбек