Massaget.kz журналисі "URKER" марапатына ие болды

Massaget.kz порталының журналисі Өмірбек Сансызбаев "URKER-2021" Ұлттық сыйлығының марапатына ие болды.

"URKER-2021" сыйлығының шорт-тізіміне енген портал тілшісі "Жылдың үздік танымдық материалы" номинациясын жеңіп алды.  

"Бүгін айрықша күн. Мерекенің бастауы – Үркерден бастау алып отыр. Үркер ұлттық сыйлығын қазақ журналистикасының Оскары деп бағалауға болады. Биыл Massaget.kz порталының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Бүгінгі марапатты өзіндік аудитория жинап, көптің ықыласына бөлінген танымдық порталдың мерейтойына арнамақпын. Бүгінгі марапат – командада еңбек етіп жүрген ұл-қыздардың жеңісі. Жазарымыз көбейсін, қазақ медиасы тұщымды материалдарға толы болсын", - деді Өмірбек Сансызбаев марапаттау салтанатында.

Айта кеткен жөн, биыл баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы "URKER-2021" Ұлттық бәйгесі бесінші рет өткізілді.

Байқау 11 номинация бойынша өткізілуде. "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал" номинациясы биылғы байқаудың жаңа номинациясы. Журналистерден барлығы 340 жұмыс келсе, солардың ішінде ең көп өтінім "Жылдың үздік сұхбаты", "Жылдың үздік танымдық материалы" және "Жылдың үздік аналитикалық материалы" номинациялары бойынша келіп түсті. Құрамына беделді журналистер, еліміздің шығармашылық интеллигенциясының өкілдері мене халықаралық медиаэкперттер енген қазылар алқасы үздік жұмыстарды анықтады. 

Әріптесімізді бүгінгі жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!