Фермерлер егін алқабын ғарыштан бақылай алады

Фермерлер егін алқабын ғарыштан бақылай алады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандық ғалым Жандос Керімқұлов Назарбаев Университеті қолдауы арқылы стартап жобасын жүзеге асыруда. Оның өнертабысы – фермерлердің NASA және Еуропалық ғарыш агенттігі көмегі арқылы егін алқабын бақылай алуы.

Қазір біздің планетаны ғарыштан бақылау оңай. Жер серіктері жиі суретке түсіреді. Бұл суреттер геолокация мен виртуальды карталардың жаңарып тұруына таптырмас деректер. Мұны орман және ауыл шаруашылығында белсенді түрде қолданады. Дамыған елдерде фермерлер егін алқабын суреттер арқылы онлайн бақылап отырады.

Ғарыштан түсірілетін суреттердің құны арзан емес. Себебі оны өңдейтін арнайы бағдарлама мен сараптама керек. Сондықтан да қазақстандық фермерлерге ұзақ уақыт мұндай мүмкіндік тумады.

«Біз Open Source (Еркін таратылатын бағдарламалық қамтамасыздандыру) базасы арқылы лицензия үшін артық шығын жасамай платформаны жасап шықтық. Яғни, бізде бардың бәрі – өз жасағандарымыз. Сондықтан біз шет елден 15 есе арзан сервисті жасай алдық, - дейді Жандос.

Осы арқылы команда Арыстың жарылыстағы және жарылыстан кейінгі фотосын жасап шыққан.

Сондай-ақ Жандос Теміртаудың қара түске боялған қарының суретін де көрсеткен болатын.

Жоба Egistic.kz деп аталады. Мамандар ғарыштан түсірілген суреттерді Еуропалық ғарыш агенттігі және NASA LandSat жобаларының ашық дереккөздерінен алады. Суретті жүктеп қана қою, керек ақпаратты ала салу оңай емес. Себебі әр сурет екі гигабайттан асады.

Жандос пен оның командасы арнайы бағдарламалық жабдықтауы мен математикалық алгоритмін түзген. Ол арқылы тапсырыс түскен аумақты саралайды. Қолданушы жердің кадастрлық нөмірін енгізеді. Бірер сағаттан кейін аумақтың картасын, сапасын, жердің ылғалдылығын, қардың қалыңдығы мен өзге де деректерді ала алады.

Ғалымдардың айтуынша, фермерлердің көбінің жоғары сапалы технологиялардан хабары аз. Egistic.kz нағыз автоматтандырумен айналысуға мүмкіндігі жоқ шағын және орта шаруа қожалықтары үшін жасалған. Ғарыштан көру арқылы алқаптың жағдайын білуге болады.

Стартап идеясы 2017 жылдан бері ойында болған. 2018 жылы жобасын дайындап NURIS (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) бағдарламасына барған. Бұл бағдарлама бастапқыдағы стартап жобаларды қолдайды.

«Бұл Deep-Tech-стартап, мұның негізінде біздің ғылыми жобамыз жатыр. Біз өтініш бергеннен кейін NURIS қабыл алып, сондай-ақ шетелдік сарапшылардан жоғары балл алдық. Комиссиядан өтіп, бізге алғашқы 100 мың долларды беруді мақұлдады. Оның 60 мыңын қажетті құрал-жабдықтар мен зерттеуге жараттық. 2 жыл зерттеу жүргіздік,» - дейді Жандос.

Қазір командада 9 адам бар. Жандоспен қоса алты адам платформа жұмысымен айналысса, екеуі маркетинг және сату саласында қызмет етеді.

Фермерлермен жұмыс істеу үшін команда мүшелеріне Қазақстан аумағындағы кадастрлық базаны жүктеу үшін бағдарлама жазуға және кадастрлық учаске шекараларын анықтау үшін машиналық оқыту модельдерін әзірлеуге тура келді. В Egistic.kz платформасында алқаптардың рейтингтері де бар. Бұл белгілі бір дақыл үшін кімнің технологиясы мен топырақтың қайсысы жақсы екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандық платформа қосымша NASA спутниктерінің деректері бойынша белгілі бір аумақ бойынша 9 күн алдын ала ауа райы болжамын ұсынады.

«Біз егін алқабы жайлы ақпарат қана ұсынамыз. Алдын ала проблемасы бар аумақты белгілеп қоямыз. Ал қандай проблема барын агрономның өзі  анықтайды. Себебі машина бәрібір білікті маманды алмастыра алмайды. Ол үшін әлі талай жылдар мен көптеген деректер қажет.

Әрине, суреттерді тау-кен өндірісі, мұнай, экология саласы бойынша да пайдалануға болады. Бірақ біз ауыл шаруашылығына бағыт алдық. Пандемия мұны бекерге жасамағанымызды да байқатты. Себебі басқа сала ісі тоқтап қалды. Тек ауыл шаруашылығы үшін ғана «жасыл коридор» болды,» - дейді Жандос Керімқұлов.

Н. Үсенова