Қазақстандағы медианың негізгі принциптерінің құжаты жарияланды

Қазақстандағы медианың негізгі принциптерінің құжаты жарияланды

18 қараша күні тәжірибелі медиа мамандары қатысқан «Қазақстан медиасының негізгі принциптері» атты құжат талқыға салынып, қабылдауға жіберілді. Бұл құжат дүниежүзіндегі және Қазақстан Республикасының 2012 жылғы журналистік этика кодексінде бекітілген этикалық стандарттарына негізделіп жасалған. Дегенмен бұл құжатты дайындауға атсалысып жүрген мамандардың айтуынша, бұл құжатты заң актісі немесе басқа да заңнамалық күші бар құжат деуге келмейді. Бұл Қазақстандағы медианың өз жұмысын өзі реттеуіне арналған принциптері. Қазақстандық БАҚ өкілдері аталмыш құжатты қабылдау-қабылдамауы өз еркінде.

Медиа принциптерін дайындауға бірқатар мамандар қатысқан, бірнеше рет талқыға салынып, сан мәрте жетілдірілген аталмыш құжаттағы медиа принциптерінің негізгі  алты бағыттан тұрады. Атап айтқанда редакция саясатының стандарты, плагиат, жарнама, хабар таратушы мен редакция арасындағы қарым-қатынастың негізгі принциптері сияқты негізгі бағыттары бар.

«Біз бұл принциптерді журналистердің кәсіби құзыретін шектеу үшін жасап жатқан жоқпыз. Біз тек теледидар, смартфон, әлеуметтік желідегі ақпарат сауатты, мәдениетті болғанын қалаймыз», - дейді принциптерді дайындайтын команда мүшесі Арманжан Байтасов.

Аталмыш құжатты талқылау барысында мамандар бұқаралық ақпарат құралдарына, олардың контентіне жасалған шағымдарды қарап, тексеретін қоғамдық комиссия болуы керек дейді. Себебі этикаға сай емес журналистік тәжірибені, контентті  арнайы комиссия немесе қоғамның өзі реттеуі керек. Заң этикалық факторға жауап бермейді. Мәселен қандай да бір журналистік жұмыста заңға қайшы ештеңе болмаса да, журналистік принцип, этика бұзылған тұсы болуы мүмкін. Сол үшін де БАҚ-тың бәрі бағынатын, құрметтейтін осындай құжаттың болғаны маңызды.

Құжатты дайындап жатқан команданың мүшесі Бақтыгүл Бурбаеваның айтуынша, бұл принциптер қазақстандық БАҚ-қа мотивация бола алады.

«Принциптерді сақтаған әр БАҚ өкілі өзінің аты мен іскерлік беделі үшін жұмыс істей бастайды. Бұл сапалы БАҚ болудың тетігі. Құжат дайындау барысында осындай принциптерге сүйеніп жұмыс істейтін Армения, Грузия, Ресей, Литва және Қырғызстанның тәжірибесі негізгі алынды», - дейді медиа маманы Бақтыгүл Бурбаева.

Massaget