Тоқаев жолдауда не айтты?

Тоқаев жолдауда не айтты?

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдау жасады. Бұл – Тоқаевтың халыққа жасаған екінші жолдауы. Назарыңызға жолдаудағы негізгі мәселелерді ықшамдап ұсынамыз.

Министрліктердегі жауапты хатшы институты таратылады

Олардың міндеттері мемлекеттік аппарат жетекшілеріне жүктеледі. 

"Бұл институтты енгізер кезде жауапты хатшылардың ауыспайтындығы министрлерді әкімшілік кадрлық жұмыстан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді делінген еді. Бірақ бұлай болған жоқ. Министрлер мен жауапты хатшылар арасында кикілжің жиіледі. Оның кесірі жалпы іске тиеді", - деді ол.

Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылады

Бұған дейін бұл құрылым Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті ретінде жұмыс істеді. Тоқаев табиғи және техногендік апаттар дәуіріне енгенімізді алға тартып, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет екенін айтты.

2014 жылы 6 тамызда бұл министрлік қысқартылып, ІІМ құрамына енді.

Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылады

Статистика комитеті Ұлттық экономика министрлігінің құрамынан шығып, жаңа агенттіктің құрамына кіреді.

"Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі. Бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүргізген жөн. Алдымен біз мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі және оларды орындау жауапкершілігі тәсілдерін өзгертеміз. Пандемия мен дағдарыс жағдайында қолданыстағы мемлекеттік басқару жүйесі барынша жұмыс істейді.

Сондықтан мен президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Мұндай орган бұған дейін жұмыс істеп, жүктелген міндеттерді сәтті орындады, енді ол бүкіл мемлекеттік жоспарлау жүйесінің орталық буынына айналады", - деді Тоқаев

Басы артық компаниялар қысқартылады

Президент "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерін біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құруды тапсырды. Ол Үкіметке жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауды тапсырып, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керегін айтты.

2021 жылы қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады

2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бөлімін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, дайындық жұмыстары жасалмақ.

2021 жылы "Аңсаған сәби" арнаулы бағдарламасы іске қосылады

Бағдарлама балалы бола алмай жүрген отбасыларға арналған.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек", - деді президент жолдауында. 

Шенеуніктер саны 25%-ға қысқартылады

Тоқаев мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторды қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырды. Биыл олардың саны 10 пайызға, келесі жылы тағы 15%-ға  қысқартылады. Осылайша, шенеуніктер саны 25%-ға кемиді. Үнемделген қаражат қалған қызметкерлердің жалақысын арттыруға жұмсалады.

Қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өседі

"Білім саласындағы басты мәселелердің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25%-ға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді", - деді Тоқаев.

2021 жылдан бастап сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері енгізіледі

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктеріндегі есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттарды сақтауы сияқты жаңа шектеулер енгізіледі. Мемлекет қызметшінің немесе квазимемлекеттік сектор басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатаңдату тұрғысынан ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізіледі. 

"Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйені қалыптастыруымыз керек", - деді президент. 

Мораторий күшін жойса да, жер шетелдіктерге сатылмайды

Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормасына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды.

"Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін енгізуі тиіс", - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Google гаджеттерін қоқыс қалдықтарынан жасайды
Google гаджеттерін қоқыс қалдықтарынан жасайды
Қазақстанда қотырды жазатын дәрі сынақтан өтіп жатыр
Қазақстанда қотырды жазатын дәрі сынақтан өтіп жатыр
Джетлаг деген не және оны қалай еңсеруге болады?
Джетлаг деген не және оны қалай еңсеруге болады?
Жүрекке пайдалы азық-түліктер
Жүрекке пайдалы азық-түліктер
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді
Елде жалдамалы жұмысшылар құқығын қорғайтын заң мақұлданды
Елде жалдамалы жұмысшылар құқығын қорғайтын заң мақұлданды