Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың жұмыс орны ашылады

Премьер-министр Асқар Маминнің 27 наурыздағы үкіміне сай, "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында Қазақстанда 6,5 мың инфрақұрылым жобасы негізінде 255 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Соның ішіндегі ең көп жұмыс орны Алматыда ашылады. Оның саны – 26 мың. Одан кейін Түркістан облысында – 21,9 мың, Алматы облысында – 21 мың жұмыс орны. Бағдарлама аясында 255 мың адамның кем дегенде жартысы халықты жұмыспен орталықтары арқылы жұмысқа алынады деп жоспарланған. Жұмысқа қабылданатын приоритеттегі санат – жұмыссыз жастар.

"Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының негізгі 4 бағыты бар:

1) әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, демалыс және тағы басқа объектілер);

2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (сумен жабдықтау, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері);

3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (автомобиль жолдары, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері мен құрылыстары);

4) елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу және тағы басқалары).

Бағдарлама бағыттарын жүзеге асыру үшін бюджеттен жалпы сомасы 1 трлн теңге бөлінді. Мұндағы:

– 37% (373 млрд.теңге) құрылыс жұмыстарына;
– 19%-ы (182 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстарына;
– 31%-ы (308 млрд. теңге) ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына;
– 16%-ы (127 млрд. теңге)  нысандар мен құрылыстарды реконструкциялауға жұмсалады.

Тізімде көрсетілген күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау жұмыстары коммуналдық немесе республикалық меншіктегі объектілерге жүргізіледі. Инфрақұрылым жобаларын іріктеу мен іске асыруды жергілікті атқарушы органдар есептелген қаржыландыру лимиттерін және жұмыстардың тиісті құжаттамасының болуын негізге ала отырып жүзеге асырады.

Аталмыш жобалардың басым бөлігі Алматы облысында (977), ШҚО (813), Жамбыл (690) және Қарағанды (625) облыстарында іске асыру жоспарланып отыр. Жоба аяқталған соң 15,2 мың тұрақты жұмыс орны пайда болады деп көзделуде. Олардың көпшілігі 2 045-і Алматы қаласында, 1 830-ы Алматы облысында және 1 531-і Түркістан облысында құрылады.

Бөлісу: