#Bizbirgemiz: Үмбетәлі Кәрібаев мектебі акцияға үн қосты

#Bizbirgemiz: Үмбетәлі Кәрібаев мектебі акцияға үн қосты
Фото: massaget.kz

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мектеп #Bizbirgemiz акциясына үн қосып, дәрігерлер мен құқық қорғау органы қызметкерлеріне, мұғалімдер мен еріктілердің еңбегіне алғыс білдірді.

- Құрметті қазақ елі, ақ халатты абзал жандар мен ел тыныштығын қорғап жүрген полиция қызметкерлері және әскери мамандар, ел басына күн туып, әлемді пандемия жайлағанда болашақ ұрпақтың біліміне жауап беретін ұлағатты ұстаздар көппен бірге еңбек етіп, күндіз-түні талмай қашықтан оқыту тәсілін қолданып жатыр. Жырдың қара жорғасы Үмбетәлі Кәрібаев орта мектебінің ұстаздары қашықтан оқыту тәсілін тиімді пайдаланып, қиындық тудырған жағдайда кейбір мұғалімдер волонтерлік қызмет атқарып, ауызбіршілік танытуда. Осындай қиын сәтте республикалық акция аясында отандастарды рухани демеу мақсатында Үмбетәлі Кәрібаев мектебінің ұстаздары жалғастырған Bizbirgemiz челленджін ұсынамыз, - дейді мектеп ұстаздары алғысөзде.

Мұғалімдер бастаған челленджде дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін қолдаған жыр жолдары оқылады. Ал өлең жолдарын жазған – Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі, ақын, «Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының» мүшесі Әуелбек Ысқақов.

- Дәрігерлер мен полиция қызметкерлері – қазіргі күннің батырлары. Бүкіл ел-жұрт соларға қарап қалды. Елдің амандығы мен тыныштығы солардың қолында. Содан шабыт алып, тебіреніп, неге оларға жыр жазбасқа деп ойладым, - дейді ақын.

Ұстаздардың айтуынша, ғаламторы жоқ жерлерге волонтер болып барып, көмек қажет кезде бетперде таратумен айналысады.

Biz birgemiz – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың карантин кезінде елдің материалдық жағдайы мен рухани көңіл-күйін көтеру мақсатында бастаған акциясы. Қазір өңір-өңірде аталмыш акция аясында қайырылымдық шаралары ұйымдастырылып, еріктілер тобы құрылып, ауқымды жұмыстар жасалып жатыр.

Қ. Слямбек