12 сәуір – Ғарышкерлер күні

12 сәуір – Ғарышкерлер күні

1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш ғарышкер – Юрий Алексеевич Гагарин ғарышқа қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшты.

КСРО 1957 жылдың 4 қазанында «Спутник-1» алғашқы жасанды жер серігін ұшырды. Ал 1961 жылғы 12 сәуірде Мәскеу уақытымен 09.07-де Байқоңырдағы ғарыш айлағынан адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин тізгіндеген «Восток-1» ғарыш кемесі ғарышқа самғады. Осы қос жобаның екеуі де академик Сергей Королев бастаған конструкторлық бюроның жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі еді. Ресми деректер бойынша 1955 жылғы 2 маусым адамзатқа жеті қат көктің қақпасын ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағының «туған күні» болып есептеледі.

Авиация және космонавтика күніне халықаралық мәртебе 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының конференциясында берілді. 2011 жылдан бастап оған тағы бір атау қосылды – Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні (International Day of Human Space Flight).

2011 жылдың 7 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы пленарлық отырысында ғарыш кеңістігін игеру ісіндегі алғашқы қадамға 50 жыл толуына орай арнайы қарар қабылданды. Оның тең авторлары әлемнің 60-тан астам мемлекеті болды.

1991 жылғы қазан айының 2-сі күні «СоюзТМ-13» ғарыш кемесімен қазақтың қыраны, ұшқыш-сынақшы, Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров ғарышкер ретінде жұлдыздар әлеміне жол тартты. Бұл сапардың ұзақтығы жеті тәулікті құрады. Аталмыш сапар барысында Тоқтар Оңғарбайұлы Қазақстанның экологиялық ахуалына қатысты ғарыштан ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Аман-есен жерге оралғаннан кейін оған ерен ерлігі мен ересен еңбегі үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.

1991 жылдың соңында КСРО мемлекет ретінде жойылғандықтан, Тоқтар Әубәкіров Кеңес одағының соңғы ғарышкері саналады. 1994 жылдың 1шілдесінде құрамында қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев бар халықаралық экипаж «Союз ТМ-19» ғарыш кемесі арқылы жеті қат көкке бағыт ұстады. Жалпы, Т.Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшып, ғарыш кеңістігінде 341 тәуліктен астам болды. Үш бірдей сапарында да ол жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырды. Ғарыштық зерттеулерге қосқан зор үлесі үшін Т.Мұсабаевқа Қазақстанның Халық Қаһарманы және Ресейдің батыры атағы берілді.

Қ. Слямбек