Министр: Қытайдан келген тауардан коронавирус шығуы мүмкін емес

Қытайдан келген тауарлармен бірге коронавирустың да келуі екіталай. Мұны ҚР Тауар және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

- Коронавирус тауармен тарамайды. Мәселен, электронды сауда-саттық арқылы алынған тауармен коронавирустың таралмайтындығын мамандардың өзі мәлімдеп отыр. Вирус адамдар арқылы ғана жұғады. Қазір екі елдің шекарасы ашық. Кәсіпкерлер тауар алып, тауар берумен бұрынғыдай айналысуда. Келісімшартты бұзған ешкім жоқ, - деді Сұлтанов үкімет үйінде өткен брифингте.  

Министрдің айтуынша, шығынға батып жатқандар - тауарды Қытайға барып әкелетіндер, яғни, келісім жасау үшін Қытайға баратындар.

- Шын мәнінде, Қытайдан Қазақстанға келетін тауарлардың саны аз. Қазақстанға тасымалданатын әлеуметтік жағынан маңызды тауарлардың тек 0,1 пайызын ғана Қытай құрайды. Сондықтан бұл бағаның қымбаттауына әсер ете алмайды. Керісінше, отандық кәсіпкерлер келмей қалған қытай тауарларының орнын толтыру арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндігі бар, - дейді министр.

Оның айтуынша, кейбір алаяқ кәсіпкерлер Қытай мен Қазақстанның шекарасының жабылып қалғанын желеу етіп, бағаны қасақана қымбаттатып жіберген көрінеді.

- Алайда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара жабылған емес, ашық тұр. Тауар айналымы бұрынғыдай, тоқтатылған жоқ. Кей кәсіпкерлер әдейі алаяқтыққа барып, бағаны өсіріп отыр, - дейді  Сұлтанов.

Егер бағаның шарықтап кеткенін көрген жандар болса, министрлік 8 (7172) 75-16-32, 8 (7172) 749832 телефонына хабарлауын өтініп отыр.