Қазақстандықтар өз атына қанша нөмір тіркелгенін тексере алады

Қазақстандықтар өз атына қанша нөмір тіркелгенін тексере алады
Фото: vk.com

Қазақстандықтар осы сілтемеде көрсетілген қызметті пайдала отырып, өз атына тіркелген ұялы нөмірлердің санын тексере алады. Бұл ақпаратты ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі жариялады.

Абонентке тіркелген нөмірлер санын білу үшін азаматтың ЖСН-ін енгізу жеткілікті. Жүйе тіркелген нөмірлердің санын және қандай ұялы оператор екенін де көрсетіп береді.

Егер абонент өзінің жеке сәйкестендіру нөміріне белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгенін анықтаған жағдайда Телекоммуникациялар комитетіне хабарласып, белгісіз нөмірді тіркеуден алып тастауын талап ете алады.

"Бізге азаматтар өз аттарына белгісіз телефон нөмірлерінің тіркелгені туралы  жиі шағымданады. Сондықтан да біз қазақстандықтарға өз атына тіркелген нөмірлердің санын тексеруді ұсынамыз, себебі сіз сол нөмірді пайдалану үшін жеке жауапкершілік аласыз", - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу аяқталды. Қазіргі уақытта барлық мобильді телефондар SIM-карта иелерінің ЖСН-на байланған. 2018 жылдың ішінде өз ЖСН-ын SMS арқылы тіркемеген абоненттердің телефондары автоматты түрде тіркеліп (2019 жылдың 1 қаңтарына), пайдаланылатын SIM-карталарға байланған.

А. Оралқызы