Қазақстанда түркі халықтарына ортақ медиаорталық ашылады

Қазақстанда түркі халықтарына ортақ медиаорталық ашылады
Фото: massaget.kz

16 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан және Түркия БАҚ өкілдерінің кездесуі өтті. "Түркі әлемі журналистерінің бірлігі" тақырыбында қос тараптың өкілдері пікір алмасып, алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстар мен жобаларды талқыға салды. Соның бірі – түбі бір түркі халықтарына тегіс ақпарат тарататын медиаорталық ашу.

Түркия делегациясын бастап келген Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир конференция барысында медиаорталық ашу мәселесіне қатысты және өзге де тақырып шеңберінде өз пікірін ортаға салды.

"Түркі әлемінің рухани бабасы Қожа Ахмет Яссауи қазақ жерінде, Түркістанда жерленген. Сол себептен бауырлас халықтар үшін Қазақстанның орны бөлек. Түркі әлемі дегеніміз, бұл – Шығыс Түркістаннан басталып Еуропаға дейін созылып жатқан атыраптағы үлкен бір отбасы.

Алдағы уақытта бүкіл түркі әлеміне жедел ақпарат тарататын ақпарат агенттігін немесе жеке портал ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар күллі түркі әлеміне ортақ медиаорталық ашуды қолға алмақшымыз", - деді Мендерес Демир.

Түркиядан келген құрметті қонақ өзі басқаратын ұйымның нақты қандай жұмыспен айналысатынын, осы уақытқа дейін қандай жобаларды жүзеге асырғанын айтып өтті.

"Түркі әлемі журналистерінің федерациясы 2014 жылы Анкара қаласында құрылды. Түркі жұрты журналистерінің басын қосу, кәсіби білікті арттыру, әрдайым байланыста болу мақсатында федерация үздіксіз жұмыс істеп келеді. 2014 жылы Ескішаһар қаласында түркі халықтары журналистерінің басын қосып, бірлікті нығайту мақсатында үлкен жиын өткіздік. Екінші басқосу Татарстан астанасы Қазан қаласында, үшінші жиын 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы Түркістан қаласында өтті. Төртінші басқосуды осы жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Түркиядан келген құрметті қонақ.

Қазақстандағы "Түркітілдес журналистер қоры" қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы медиаорталықты ашудың мақсаты, бұл бастаманың маңызы туралы айтып берді.

"Жоспар бойынша медиаорталықтың орны дайындалып, жоспары сызылды. Мұнда қазақ, түрік, ағылшын, орыс, әзербайжан, өзбек, қырғыз тілінде ақпарат тарататын журналистер қызмет етеді. Кейде түркі елдерінде болған оқиға өзге мемлекеттің саяси идеологиясына байланысты бұрмаланып, түрленіп жатады. Осындай олқылықтың алдын алу, ақпаратты жедел әрі нақты тарату мақсатында медиаорталық жұмыс жасамақ", - дейді Нәзия Жоямергенқызы.

Ал ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек медиаорталық ашу мәселесіне қатысты нақты проблемаларды ашып айтты.

"Түркі әлеміне ортақ медиаорталық ашу идеясын ұсынып, жиын барысында оны конференция қатысушыларының талқысына салған – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. 2016 жылы өткен жиын барысында медиаорталық Қазақстан тарапынан ҚазҰУ-де, Түркия тарапынан Стамбұл университетінде ашылса деген ұсыныс болды. Қазіргі уақытта біздің университетте бұл медиаорталықтың орны дайын. Барлық мәселе қаржыға тіреліп тұр. Бір ғана мемлекетті емес, бүкіл түркі халықтарын ақпаратпен қамтамасыз ету көзделгендіктен, атқарылатын жұмыс алдын ала жоспарланып, техника, қаржы жағынан толық қамтамасыз етілуі шарт. Бұл шаруа алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттеміз", - деп қорытындылады Сағатбек Медеубек.

ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті мен "Түркітілдес журналистер қоры" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жиында Мендерес  Демир қазақтың майталман актері Асанәлі Әшімовке құрмет білдіретінін жеткізді.

"2016 жылдан бері біз түркі әлемінің деректі фильмдерінің фестивалін ұйымдастырудамыз. Бұл фестивальде түркі әлеміне танымал болған, сыйлық алған фильмдерді көрсетеміз. Түркі әлеміне ортақ әл-Фараби, Қорқыт сияқты қаншама танымал тұлғалар бар. Біздің мақсатымыздың бірі, осындай тұлғаларға фильм түсіру, өмір жолын түркі халықтарына насихаттау. Сонымен қатар фестиваль шеңберінде кино саласына еңбегі сіңген ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіледі. Биыл арнайы сыйлықты Асанәлі Әшімов мырзаға табыстамақпыз", - дейді Мендерес Демир.

Сонымен қатар ескі Есік қалашығынан табылған Алтын адам ескерткішінің түркі халықтары үшін қаншалықты маңызы жоғары екенін айтып өтті.

"Қазақстан жерінен табылған Алтын адамның көшірмесі 1 ай бойы Анкара мұражайына қойылып, нәтижесінде бұл жәдігер түрік халқына таныстырылды. Бірақ бұл аздық етеді. Мұндай жәдігерлер тұтас түркі әлеміне жария болуы керек. Сол себепті алдағы уақытта Алтын адам туралы деректі фильм түсіру керек деген ойдамын. Еуропа бізді жай ғана көшпелі, варвар халыққа балап көзге ілмейді. Алтын адамның табылуы – мәдениетіміздің, руханиятынымыздың, тарихымыздың тым тереңде екенін көрсетеді", - дейді түркиялық мейман.

Түркия мен Қазақстан журналистерінің арасында өткен кездесу IV Халықаралық Түркі Дүниесі деректі фильмдер фестивалінің аясында ұйымдастырылды. Түркі халықтарының кино саласын ілгерілетуге бағытталған фестиваль 17-18 қазан аралығында Алматы қаласында өтеді. Салтанатты ашылу рәсімі 17 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында өтпек.

А. Қажиев