К.Қазыбаев өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық конференция өтті

К.Қазыбаев өмірі мен шығармашылығына арналған республикалық конференция өтті
Фото: massaget.kz

Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына биыл 90 жыл толды. Осыған орай бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде "Кәкімжан Қазыбаев – қайраткер, қаламгер, азамат" атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Алпысында арғы дүниеге аттанған арда ұлдың елі үшін жасаған еңбегі ерен. Билік қызметте жүргенде де қылышынан қан тамған кеңестік саясаттың қаһарынан именіп қалған жоқ, керісінше халықтың қамын ойлап, пайдалы істерге білек сыбана кірісті. Кәкімжан Қазыбаевтың адамгершілігі, көрегендігі, жазушылық қыры, қайраткерлігі, шығармашылығы мен ұстаздық тағылымы жайлы замандастары мен өмірін зерттеушілер бұрыннан айтып, жазып келеді. Бүгін өткен ғылыми конференция кезінде де өмірі үлгі болар тұлғаның бір келбеті ашылғандай болды.

Ғылыми шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер мен шәкірттері қатысты. Тұлға бейнесін таныта түскен іс-шараны қара шаңырақ ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың өзі жүргізді. Алғысөзін алғыспен бастап, кейінгі сөзін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жеделхатына бөлді. Хатта Мемлекет басшысы өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болған Кәкімжан Қазыбаевтың отбасына амандық, бақ-береке тілеген.

Ғылыми-практикалық конференция барысында Кәкімжан Қазыбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған фильм жұрт назарына ұсынылды. Ал ақын, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Бауыржан Жақып "Кәкімжан Қазыбаевтың жазушылық қыры" тақырыбында баяндама оқып, шығармашылық жолындағы жетістіктері мен тыңнан түрен салған тақырыптарына кеңінен тоқталды.

Қоғам және мемлекет қайраткері, академик Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев Кәкімжан Қазыбаевтың қайраткерлігі жайлы толғанды. Жазушы, тележурналист Сұлтан Оразәлі болса тұлғаның төрт ерлігін тізіп шықты. Оның ішінде халық жауының қызы болған Орынша Қарабалина-Қазыбаеваны өмірлік жар етіп таңдауының өзі махаббат жолындағы көзсіз ерліктің бірі. Ал Рақымжан Қошқарбаевты насихаттау мен таныту жолындағы ерлігі – бір төбе.

Журналист, жазушы Жанболат Аупбаев Кәкімжан Қазыбаевтың шығармашылығы, ізденіс жолы, берген тәрбиесі мен журналистік сабақтастық жайлы сөз қозғады. Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төрегелді Шарманов тұлғаның азаматтығы жайлы айрықша айта кетті.

Ғылыми-практикалық конференция соңында Кәкімжан Қазыбаевтың жұбайы Орынша Қарабалина-Қазыбаева сөз алып, ұлттың қамын ойлаған тұлғаның өмір жолы, қызметтегі хикаялары жайлы сыр тарқатты. Барша қатысушылар мен қара шаңырақ ҚазҰУ ұжымына алғысын білдірді. Ұлтын сүйген тұлғаның ұлы, Alash Media Group медиахолдингінің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесімен замандас болған тұлғалардың ерлігіне тоқталып, ерекше ілтипатын жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында Кәкімжан Қазыбаевтың өмір жолына, шығармашылығына арналған сайтты да (kazybaev.kz) таныстыра кетті.

Жиналған жұрт Кәкімжан Қазыбаев тұлғасын тағы бір қырынан танып қайтты.

Ө. Сансызбай