Кәкімжан Қазыбаев – 90 жыл: Өнегелі өмір

Кәкімжан Қазыбаев – 90 жыл: Өнегелі өмір

Мамыражай, жайма-шуақ, кеңпейіл Кәкімжан аға ызғарлы кезеңдерден кейінгі рухани тоңды жібетуде ерекше қайраттылық танытты. Әдебиетімізде, қоғамдық ойымызда, әлеуметтік көңіл күйімізде өшпес із қалдырды.

Әбіш Кекілбаев

Өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақ журналистикасында өзіндік жазу мәнерімен із қалдырған публицист, "Кернеген кек", "Ызғар", "Аманат" сынды бірқатар прозалық шығармалардың авторы, жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтің биыл 90 жылдық мерейтойы.

Қайраткер Кәкімжан Қазыбаев

1950 жылдардан бастап журналистикаға аяқ басқан Кәкімжан Қазыбаев қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік кезеңде де айтулы мәселелерді қозғай білді. Әсіресе, батыр Рақымжан Қошқарбаевтің Рейхстакқа ту тіккен алғашқы сарбаз екенін айтып жаһанға жар салды. Рақымжан Қошқарбаевты елге танытты. Кәкімжан Қазыбаевтың қолында Рахымжан батырдың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккендігін дәлелдейтін 100-ден астам құжат болған. Ол кісі Рахаңның ерлігі туралы алғаш “Воин Родины” атты дивизия газетiнiң 1945 жылғы мамырдың 3-iнде жарияланғанын анықтайды. Ал сол жылы мамырдың 5-інде-ақ Рахымжан Қошқарбаевқа Совет Одағының Батыры атағын беру жайлы ұсыныс қозғалғанымен, оны Мәскеу көпе-көрінеу ескермейді. Кәкең 1965 жылы ОК хатшысы Н. Жанділдинге жазған хатында мәселенің мәнісі Рахымжанның әкесі Қошқарбайдың 1937 жылы қуғынға ұшырағандығымен байланысты болғандығын ашып жазады. Ал Кәкімжанның жары Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның айтуынша, Кәкең кезінде Рахымжан батырмен бірігіп Рейхстагқа ту тіккен, ұлты – башқұрт Григорий Булатовқа да қамқор болуды көздейді. Өкінішке қарай, ол өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болып кетеді. 

Кәкімжан Қазыбаев пен Рақымжан Қошқарбаев

Кәкімжан Қазыбаевтің елімізге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың ел есінде қайта жаңғыруына еткен қызметі бұл ғана емес. Бұл туралы: "Тарихқа көз жүгіртсек, халық қамын ойлаған тұлғалар ішінде журналистиканы серік етпегені кемде-кем. Алаштың ардақты азаматтары: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Әуезов, М.Шоқай, т.б. журналистиканы тәуелсіз мемлекет құру ісіне пайдаланған. Бір қолымен қару, екінші қолымен қалам ұстаған аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлынан тәлім алған Кәкімжан да сол ағалар салған ізбен жүрді. Идеология майданын басқарған С.Сәдуақасов, І.Омаров сынды жүрегі қазағым деп соққан жайсаң жандардың саралы жолын жалғастырды. Қазақстан Орталық Комитетінің идеология хатшысы тізгінін қолына ұстады. Сол тұстағы Ш.Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде, композитор М.Төлебаевтың 70 жылдық мерейтойының Мәскеу қаласында Одақтар үйінде атап өтілуінде К.Қазыбаевтың үлесінің зор екенін ешкім жоққа шығармаса керек», – дейді "Кәкімжан Қазыбаев – публицист" атты зерттеудің авторы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Зухра Ермағанбетова.

Қайраткер Кәкімжан Қазыбаевтың еңбегін де ел елеусіз қалдырмады. Белгілі жазушы Шерхан Мұртазаша айтқанда: "Қошқарбаев атын алғаш болып елге танытқаны үшін, жалынды журналист болғаны үшін, журналистердің ұстазы болғаны үшін, кейіннен белгілі жазушы болғаны үшін, адамгершілік, азаматтығы биік болғаны үшін" 70 жылдық мерейтойына байланысты туған ауылы Бақалыдағы Мамания мектебінде ескерткіш тақта орнатылды. "Азамат еді еңселі", "Көзден кетіп көңілде қалған" атты естелік кітаптар, 2015 жылы Қазақ университеті баспасы "Өнегелі өмір" сериясымен "Кәкімжан Қазыбаев" естеліктер, мақалалар жинағы шықты. Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланып, ҚКПОК Бюро мүшесі болған. Қазақстан Компартиясының ХІІІ, ХІҮ, ХҮ сьезінің делегаты, Тексеру комитетінің мүшесі болған. "Құрмет белгісі" орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған.

Жазушы Кәкімжан Қазыбаев

Халықтың қамын ойлаған көрегенді басшыдан бөлек Кәкімжан аға қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасын қалдырған жазушы да болған. Ел игілігі үшін қызметтер атқара жүріп қолы қалт еткенде шығармалар жазып отырған. Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер, көркем әдеби және публицистикалық туындылар, "Кернеген кек", "Құпия", "Ызғар", "Сұрапыл", "Октябрь өрендері", "Ақиқатқа ар серік", "Аманат", "Қышыма" атты романдары мен повестері оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Орыс тілінде "Изморозь", "Наказ", "Советский Казахстан" және "Қара сел" атты үш актілі пьеса жазған. Сонымен қатар  С.М. Штеменконың “Бас штаб соғыс жылдарында” атты мемуарлық кітабын, Б.Момышұлының “Офицер күнделігін” қазақ тіліне аударған.

Журналист Кәкімжан Қазыбаев

Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың директоры сынды басшылық қызетін атқара жүріп, журналистика майданында да қаламын қару етіп ұстады. "Ақиқатқа ар серік" публицистикалық жинағында журналистиканың қыры мен сыры туралы баяндалған "Журналист – өмір тамыршысы", "Тақырыпты тауып қой", "Ізденіссіз өмір тұл", "Ақиқатқа ар серік" "Журналистің принципшілдігі" туралы мақалалары бүгінгі жас журналистерге таяныш, тірек, жол көрсеткіші болды. Әр жылдарда республикалық "Лениншіл жас" газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Алматы облыстық "Жетісу" газетінде редактордың орынбасары, "Қазақстан коммунисі" журналының бас редакторы болып қызмет еткен. Кейін өзі де талай жас журналисттің ұстазы болды. Оларға бағыт-бағдар сілтеп, журналистиканың қыр-сырына баулыды. "Біздің дәуіріміз – ұлы өзгерістер дәуірі. Біздің заманымыз – жасампаздықтың заманы. Өмір сүріп отырған ортамызды, ондағы адамдардың психологиясын, олардың қарым-қатынасын зерттеу үлкен өнер. Сол себепті де мен журналист аңғарушы, көруші ғана емес, зерттеуші де дер едім" деп журналистік кәсіптің қиындығы мен оған үлкен дайындықпен келу керектігін айтты.

Жазушы-журналист, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев өзінің 60 жылдық ғұмырында ел игілігі, халық қамы үшін талмай қызмет етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай:  "Ол шын мәнінде білімді, парасатты, халықтың игілігі үшін бүкіл қабілет-қарымы мен қаламгерлік қайратын аянбай жұмсаған дарын иесі, жаны жайсаң азамат еді. Қалың жұршылық оны құрмет тұтып жадында сақтап келеді".

Т. Раушанұлы