Маңғыстау облысынан ұзындығы 9 метр ихтиозавр қаңқасы табылды

Маңғыстау облысынан ұзындығы 9 метр ихтиозавр қаңқасы табылды

Әуесқой палеонтолог Владимир Ярцев жаңалықты өзінің Instagram парақшасында жазды. Ол хабарламаға былай деп жазған:

"Қаңқаны аса күрделі препараттау жұмысын Қазан университеті палеонтология кафедрасының аспиранты Жәмила Якупова жүргізді. Оның өзі де қазба жұмыстарына қатысқан болатын. Ұзындығы тоғыз метр келетін қаңқа биыл 25 мамырда Маңғыстау облысының Тұщыбек кентінің маңынан табылды", - деп жазды Владимир Ярцев.

Ұзындығы тоғыз метрге жететін ихтиозаврдың қаңқасы препаратталған соң Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Музей мамандары жақын арада ихтиозаврдың қаңқасын жұртшылықтың назарына ұсынатынын хабарлаған.

Ежелгі су жануарының қалдықтарын Владимир Ярцевтің өзі тапты. Қаңқаның омыртқа жотасына, қалыңдығына, диаметріне қарап әуесқой палеонтолог 110-100 миллион жыл бұрын өмір сүрген Альб ярусының ихтиозаврына тиесілі болуы мүмкін деп болжайды. Ресейлік әуесқой палеонтологтар да оның осы пікірін қолдап отыр.

А. Қажиев