Алматыда «әділеттің» ескерткіш тақтасы орнатылды

Алматыда «әділеттің» ескерткіш тақтасы орнатылды
Фото: massaget.kz

Жұманың жарық жұлдызында, Алматы қаласы, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының алдында үлкен шара өтті. Саяси қайраткер, Қазақ АКСР-нің ОАК төрағасы, Қазақ КСР ОАК-нің төрағасы, қуғын-сүргін құрбаны – Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтың атына ескерткіш тақта орнатылды. 

Көзі тірісінде ел мен жері үшін үлкен еңбек сіңіріп, халықтың қалаулысы болған Ұзақбай Құлымбетовтың ескерткіш тақтасының ашылу салтанатына Алматы қаласының әкім орынбасары, әкімшілік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен белгілі тұлғалар қатысты.


Ескерткіш тақтаның шымылдығын Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова мен Ұ.Құлымбетовтың тікелей ұрпағы Орынша Қарабалина ашты. 


Алғашқы сөзді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев алып, Ұзақбай Құлымбетов секілді батырлардың орны әрқашан ерек екенін, мыңнан жалғыз екенін сөзге тиек етті. 

Ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі алаштанушы – Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев Ұ.Құлымбетовтың өмірінен сыр шерте келіп, Ұ.Құлымбетовтың «Қазақ газеті» арқылы білім алғандығын, көзін ашқандығын атап айтты.  


Ұзақбай Құлымбетовтың өзі Батыс өлке, соның ішінде Ақтөбе облысының тумасы болғаннан кейін, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын ала келген өкілет Мырзалин Абдухат Қапанұлы басшының жүрек жарды лебізін оқып, құттықтауын табыстады. 

Сөз алған анамыз, ұстаз, Ұзақбай Құлымбетовтың ұрпағы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина: «Құрметті қауым, қатты толқып тұрмын. Шындық жеңді, әділдік орнады. Репрессиядан кейін сексен жыл өтіп, араға ұзақ уақыт салып, бүгін міне үш бірдей қуанышқа кенеліп отырмын. Бірі бүгінгі ескерткіш тақта болса, бірі Ұ.Құлымбетов атына Алматы қаласында мектеп беріліп жатыр, одан қала берді Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев өзі құттықтау хатын жіберіп отыр. 
Бұл тақтаны мың кітапқа айырбастауға болмайды. Бұл тақтаны талай жастар оқып, саналарында Қ.Ұзақбай қалады деп қуанып тұрмын»-деп, жүрек сөзін жеткізді.


Шара соңында Ұзақбай Құлымбетовтың екі томдық кітабы жарық көріп, тұсаукесер рәсімі болып өтті. Кешке қатысқан қонақтар мен студенттер Ұзақбай Құлымбетов жайлы нақты ақпарат ала отырып, оның елі мен жері үшін жасаған еңбектерінің зор екеніне көз жеткізіп қайтты. 

Өткенді ұмытып келешекке үңілуге болмайды. Алдыңғы ізді салып кеткен Ұзақбай Құлымбетов сынды бабаларымыздың мұрасын сақтау, олардың атын келер ұрпаққа жеткізу біздің басты парызымыз. 

М. Ақан