Маңғыстауда Еуро Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасы аяқталды

Маңғыстауда Еуро Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасы аяқталды
Фото: mangystau.gov.kz

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев пен Республикадағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Басшысы Траян Христеа Маңғыстау облысындағы Еуропалық Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының қорытындыларын шығарды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаның негізгі мақсаты – біртекті өңірлік даму саясатын енгізуде және Қазақстан халқының өмір деңгейін көтеруде консультативті қолдау көрсету.

2013 жылдан бастап жоба қатысушылары – ЕО сарапшылары және Маңғыстау облысындағы мемлекеттік органдардың басшыларымен келесі бағыттар бойынша «Ақтау теңіз порты» АЭА дамыту, шағын кәсіпкерлік, өңірлік инновация, туризм, жергілікті өзін-өзі басқару, халықты аймақтық және жергілікті басқаруға қатыстыру, бюджеттендіру және жастарды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілді.

- Өздеріңіз білетіндей, біздің облыс аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін пилотты түрде таңдалған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы барлық проблемалық аймақтар қамтылды. Облыс үшін бұл мәселелердің барлығы, сондай-ақ, тәуелсіз еуропалық сарапшылардың ұсыныстары жұмысымызда өз бейнелерін тауып, оны одан әрі жүйелік әрі нысаналы ете түсті, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Республикадағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Басшысы Траян Христеа Еуропалық Одақ пен Маңғыстау облысының әкімдігі арасындағы тығыз әріптестікті атап өтіп, аймақтың дамуына зор көмек көрсеткен ЕО-ның жұмысына қанағаттанды. Мәселен, «Ақтау теңіз порты» АЭА құрылу уақытынан бастап 2013 жылға дейін оның аумағында бар-жоғы 5 кәсіпорын қызмет етті. Ал, бүгінде, яғни 3 жыл ішінде бұл жерде 12 өндіріс жұмыс жасайды. Ағымдағы жылы тағы 3 жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Ауыл кәсіпкерлерінің бизнес қызметтерін қолдауға деген мүмкіндіктерін кеңейту «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жобалардың артуына алып келіп, олардың саны 41-ден 143-ке дейін жетті.

- Өңірлік инновация саласында ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап инновациялық процестерді жандандыру мақсатында Жобамен іс-шараларды ұйымдастыруға көмек көрсетілді. Кәсіпкерлер мен ғалымдар бірлесіп қаржы алуға 7 өтініш берді. Конкурс қорытындысы жылдың соңында белгілі болады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жанынан коммерциялау орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.

Еуропалық Одақ сарапшыларымен әріптестік аясында жалпы құны 7,8 млрд. теңгені құрайтын төрт туристік жоба дайындалды. Олар қаржыландырылу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен облыс әкімдігіне ұсынылатын болады. Сонымен бірге, аймақта Өңірлік туристік ассоциация құрылып (ӨТА), ол алдағы уақытта аймақтағы туризмді дамытудағы негізгі институт болады.

Инновация саласындағы тағы жеті жоба дайындалып, олар қаржыландырылу үшін «Ғылым қоры» АҚ-на жіберілді.

- Жергілікті өзін-өзі басқару реформасы мен аудан және ауыл әкімдіктері арасындағы әріптестік қатынастарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-нші қадамына сәйкес өз қаражатымызға жалғастыратын боламыз. Жоба жанынан ашылып, азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын Өңірлік консультативтік кеңес (ӨКК) 2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуын белсенді қадағалайтын болады, - деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.

Төрт жыл ішінде «Қазақстанның өңірлік дамуы» Жобасының сарапшылары жетекшілердің, ар түрлі бағыттағы үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдар мамандарының  біліктілігін көтерді. 100-ден астам адам арнайы сертификатқа ие болды. Талқылауға арналған материалдар мен құжаттар, сондай-ақ, Жобаның ресми веб сайтына www.kzregdev.kz осы уақыт ішінде дайындалған материалдар, құжаттар және озық тәжірибені үйренуге бағытталған жұмыстар жарияланған.

«Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасы Еуропалық Одақпен қаржыландырылады және GDSI Limited (Ирландия) консорциумымен іске асырылады. Төрт жылдық (2013-2017 жж.) жобаның жалпы бюджеті 6,288,000 евро құрайды.

T. Кіршібаев