Депутаттар жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс жобасын талқылады

Депутаттар жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс жобасын талқылады
Фото: mid.gov.kz

Ақтөбедегі «Нұр Отан» партиясының  облыстық филиалында ҚР Парламенті Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану мәселесі бойынша комитетінің көшпелі отырысы өтті, - деп хабарлады ҚР инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Онда «100 қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын (74 және 75 қадамдарын) іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексі жобасының тұжырымдамалық ережелері талқыланды.

Отырыс жұмысына ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Т.Тоқтабаев, Энергетика вице-министрі А.Мағауов, Геологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Т Момышев, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және оның орынбасары К.Бекенов, облыстық маслихат депутаттары, 80-ге тарта жер қойнауын пайдалану компаниясы және жер қойнауы қорын пайдалану мен өндіруге тікелей және жанама қатысы бар кәсіпкерлік субъектілері қатысты.

Талқылау барысында көрсетілген Заңнама жобасының негізгі шарттары және жаңашылдықтары атап өтілді. Бұлар: «бірінші келген-бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің лицензиялық тәртібі, CRIRSCO халықаралық қорларды есептеу стандартына өту және жер қойнауын пайдалану құқығын берудің оңайлатылған механизімін жасау. Сондай-ақ, негізгі тақырыптан бөлек, депутаттармен облыстың экологиялық проблемалары талқыланды.

Экология және табиғатты пайдалану мәселесі бойынша комитеті  төрағасы Г.Щегельскидің айтуынша, Комитет Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекс жобасын талқылау және даярлау  бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Оған дәлел Комитет мүшелері – Баймаханова Г.А. және Мурадов А.С. ағымдағы жылы маусым айында осы мәселе бойынша Комитеттің кеңейтілген отырысына белсене атсалысқан болатын. Үкімет деңгейінде көрсетілген Заңнамалық жобаны талқылау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Ақтөбеде Кодекс жобасын ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев таныстырды. Өз баяндамасында ол жаңа заңнаманы даярлау кезеңіндегі жұмыс жайында, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Заңнамадағы жаңашылдықтар мен бағыттары жайында атап өтті.  Инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін жер қойнауын пайдалану құқығы операциясын жүзеге асыруға байланысты құқықтық құжаттарды жеңілдетілген тәртіпте беру мәселелеріне де тоқталды.

Өз кезегінде Энергетика вице-министрі А. Мағауов Кодекс жобасы аясында кен орнын өңдеу кезінде мемлекеттік реттеудің және бақылаудың сақталатындығы және көптеген инвестициялық ахуалды жақсартушы жаңашылдықтар көзделетінін атап өтті. Кодексті талқылау кезінде бизнес өкілдерімен салық саясатына, жер қойнауын пайдаланудың жаңа моделінің шекарасы және келісімшарт тұрақтылығы бойынша бірнеше сұрақтар қарастырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Мәжіліс депутаттарымен ҚР Үкіметіне тиісті ұсыныстар берілді. Г.Щегельский көтерілген барлық сұрақтардың және ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын және комиссия мүшелері солардың шешімін табу бойынша ықпал ететіндерін білдірді.

T. Кіршібаев