Қазақстан делегациясы COFAIR-2016 жәрмеңкесіне қатысты

Қазақстан делегациясы COFAIR-2016 жәрмеңкесіне қатысты
Фото: mgov.kz

20 қазанда Бейжің қаласында өткен 8-ші Халықаралық қытай инвестициялары жәрмеңкесінің (COFAIR-2016) пленарлық сессиясының ашылу салтанатына Қазақстан тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева қатысты. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жәрмеңке жыл сайын ҚХР Мемлекеттік даму және реформа комитеті қолдауымен өткізіледі. Аталмыш шараның ұйымдастырушысы – Қытайдың шетелдегі даму ассоциациясы (China Overseas Development Association).

Жиынға Иркутск облысы губернаторы Сергей Левченко, Сучжоу қаласындағы (Цзянсу аумағы) Қытай-Сингапур индустриалдық аймағының басшысы және Оңтүстік-Шығыс Азия жас кәсіпкерлер ассоциациясы басшылары қатысты.

Жәрмеңкенің пленарлық сессиясында Г.Исаева Қазақстан мен Қытай арасында индустриалдық және инвестициялық тұрғыда тығыз байланыс орнатылғанын, сондай-ақ, мемлекеттер арасындағы АӨК пен азық-түлік өнімдерінің өндірісі аясында инвестициалық-ынтымақтастықтың келешегі зор екендігін атап өтті.

ҚХР Мемлекеттік кеңес премьері Ван Ян мен РФ Үкімет төрағасының орынбасары – РФ Президентінің Таяу Шығыс аймақтарындағы уәкілетті өкілі Юрий Трутнев жәрмеңкені салтанатты түрде ашты.

Г.Исаева өзінің баяндамасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында екіжақты жобалардың жетістіктерін тілге тиек етті. Осы қатарға томат пастасын өндіру зауытының құрлысы, шұбат және қымыз өңдеу, жабдықтау өндірісі және суару жүйесі, сонымен қатар, бидай өңдеу өндірісі, бейорганикалық талшықтар өндіріс жобалары жатады.

«Қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері жоғары эспорттық әлеуетке ие және ҚХР нарығында зор сұраныс бар», – деді өз сөзінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Айта кетейік, 20 адамнан тұратын делегация құрамына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов, «KAZNEX INVEST» АҚ, «КазАгро» АҚ, «КазАгроӨнім» АҚ, «KTZ Express» АҚ, «Хоргос – Шығыс қақпасы», «Атамекен» ҰКП басшылары, сонымен қатар, «ASSAR Group», «Galanz Botlers» және т.б. жеке компаниялар қатысты.

T. Кіршібаев