ШҚО-да инвесторларға арналған интернет-порталы іске қосылды

ШҚО-да инвесторларға арналған интернет-порталы іске қосылды
Фото: MediaSova.com

Шығыс Қазақстан облысында аймақтың дамуына қосымша қаражат тарту мақсатында invest.e-vko.kz инвестициялық порталы іске қосылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің ресми сайтында жарияланды.

Сайтта аймаққа инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлер үшін облыстағы мүмкіндіктер мен ресурстар, болашағы зор деген салалар көрсетілген.

Ақпараттық ресурста инвесторларға қолайлы болу үшін Шығыс Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері арнайы бөлімдерде  көрсетілген. «Аймақ туралы» деген тарауда облыстың маңызды әрі бәсекеге қабілетті экономикалық салалар, ал «Инвесторға көмек» тарауында инвесторларды қолдау шаралары, оларға тиесілі жеңілдіктер туралы ақпарат берілген. Сонымен қатар, ақпараттық сайтта облыстың инвестициялық картасымен және индустриалды аймақтарымен танысуға болады.

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге ең қажет ақпарат «Инвестжобалар» тарауында берілген. Онда ондаған жоба бойынша қаржылық есептер, байланыс мәліметтері берілген.

Сонымен қатар, инвестициялық портал ШҚО-да 20-21 қазан күндері өтетін «Алтай Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумның жаңалықтарымен толықтырылады. Айта кетсек, Форумның өзінің altaiinvestforum.kz деген жеке сайты бар.

Сайттағы барлық ақпараттар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде берілген. Порталдың мобильді нұсқасы мен Android, IOS және Windows-қа арналған қосымшалары да бар.

T. Кіршібаев