«Бәйтерек» үлескерлердің ақшасына салынатын тұрғын үйлердің 50 %-нан астамын сақтандыруға ниетті

«Бәйтерек» үлескерлердің ақшасына салынатын тұрғын үйлердің 50 %-нан астамын сақтандыруға ниетті
Фото: rway.ru

Бүгін Астанада «Бәйтерек» холдингі өз еншілес ұйымы – «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру» АҚ негізінде құрылған «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» акционерлік қоғамын ресми түрде таныстырды. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы 2016 жылғы 7 сәуірде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға қол қойды. Бүгін, 13 қазанда, Заң күшіне енді және үлестік тұрғын үй құрылысын ұйымдастырудың 3 тәсілін көздейді: Кепілдік беру қорының кепілдігін алу; екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы;  құрылыс салушының жеке қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Үлестік салымдарға кепілдік беру жүйесін құру үшін ҚР Үкіметінің қаулысымен «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру» АҚ Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры болып айқындалды.

Қор өтінімдерді қабылдауды бастайды және құрылыс салушы қабылдаған міндеттерін орындамаған жағдайда, жарғылық міндеттерге сәйкес тұрғын үй ғимаратының аяқталуы бойынша  үлескерлерге кепілдік береді.

«Біз өз қызметімізде алдымызға барынша тиімділікке жету жөніндегі міндетті қоятынымызды атап айтуды маңызды санаймын. Біздің басты мақсатымыз – қысқа мерзімде танымал болу, мүмкіндіктерімізді кеңейтіп, өз кәсіби біліктілігімізді арттыру. Біз алдымызға өр мақсатты, ауқымдылығы жағынан аса үлкен міндет қойдық – бұл үлескерлердің ақшасын тарту есебінен салынып жатқан тұрғын үйдің 50 %-нан астамын Қордың кепілдігімен қамтамасыз ету», - деді «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» АҚ Басқарма Төрағасы Дәурен Оңаев.

Жаңа тетік бойынша кепілдік беру жағдайлары мыналар болып табылады: тұрғын үйлерді пайдалануға тапсыру мерзімдерін бұзу; қаражатты мақсатсыз пайдалану; соттың шешімі бойынша құрылыс салушының дәрменсіздігі.

«Бастапқы кезеңде құрылыс салушының өтінімін қарау кезінде Холдингтің еншілес ұйымы, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» жаңа Заң талаптарының сәйкестігіне құрылыс салушыны тексеретін болады. Барлық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда, Қор құрылыс салушымен және Уәкілетті компаниямен кепілдік беру туралы шарт жасасады. Қор тәуелсіз инжинирингтік компания арқылы үлескерлердің ақшасын мақсатты пайдалануын бақылайды, инжирингтік компания, өз кезегінде, тұрғызылып жатқан үйлердің сапасын бақылайтын болады». – деп атап өтті «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» АҚ Басқарма Төрағасы Дәурен Оңаев.

Қордың кепілдігі үлескерлер салымдарының сақталуын және үлескер үшін ең басты бәсекелестік басымдық – белгіленген мерзім ішінде құрылыстың кепілдікті аяқталуын қамтамасыз етеді.  Құрылыс салушы үшін – инвесторлар тарапынан сенімнің жоғарылауы есебінен сату көлемдерінің ұлғаюын, үлескерлердің ақшасына тікелей қолжетімділік есебінен қаржыландыру құнының төмендеуін қамтамасыз етеді. Инжинирингтік компанияның құрылыс барысын бақылауын көздейтін тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тұрғызылатын үйлердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұрын үлескерлер құрылыс салушының заң шеңберінде жұмыс істеп, қарқынды басталған құрылыс ұзақ жылға созылмайтынына сеніп, ақшасын сақтықпен салатын. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, барлығы дерлік құрылыс компаниялары азаматтардың инвестицияларын сенімді қорғаныспен қамтамасыз ете алмады. Жоғарыда аталған барлық факторлар халықтың бүкіл санаттары үшін алғашқы тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ететіні сөзсіз, бұл ретте үйлердің құрылысы мен қабылдауы кезінде азаматтарға салынған ақша қаражатының барынша қорғанысына кепілдік бере отырып, үлескерге құрылыс барысын бақылауға мүмкіндік туғызады», - деп атап өтті «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру» АҚ Басқарма Төрағасы Дәурен Оңаев.

Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігін енгізу тұрғын үй құрылысына қосымша инвестицияларды тартуға, үлестік құрылыстағы азаматтардың тәуекелдерін ғана емес, жосықсыз құрылыс салушылардың міндеттері бойынша мемлекеттің де жауапкершілігін азайтуға, сондай-ақ тұрғын үйлерді қабылдау көлемдерін ұлғайтуға және «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

Б. Қанатұлы