«Бәйтерек» тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігін іске қосты

«Бәйтерек» тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігін іске қосты
Фото: nashdomtut.ru

Бүгін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ Қорының кепілдігін алу үшін құрылыс салушылардан өтінім қабылдауды ресми түрде бастайды. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға» сәйкес Қор  тұрғын үйлер құрылысын аяқтау үшін үлескерлерге кепілдік беретін болады. Қорды құрудың мақсаты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды кепілдендірудің тұрақты және тиімді жүйесін, кепілдік беру жағдайы туындағанда үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, сондай-ақ үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын ынталандыруды қамтамасыз ету болып табылады.

Жаңа тетік бойынша кепілдік беру жағдайлары мыналар болып табылады: тұрғын үйлерді пайдалануға беру мерзімінің бұзылуы; ақшаны орынсыз пайдалану; сот шешімі бойынша құрылыс салушының дәрменсіздігі.

Бастапқы кезеңде Холдингтің еншілес ұйымы «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» құрылыс салушының өтінімін қарау кезінде, оның жаңа заң талаптарына сәйкес келуін тексереді. Барлық талаптарға сәйкес келген жағдайда, Қор құрылыс салушымен және Уәкілетті компаниямен кепілдік беру туралы шарт жасасады. Қор одан кейін салынып жатқан тұрғын үй сапасын бақылайтын тәуелсіз инжинирингтік компанияны тарта отырып, үлескерлер ақшасының орынды жұмсалуын, сондай-ақ пайдалануға енгізілген тұрғын үйдің сапасын бақылауды жүзеге асырады.

Жалпы, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігін іске асыру үлескерлер үшін де, инвесторлар үшін де құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді, сонымен бірге құрылыс саласының ашықтығы мен құрылыс салушының жауапкершілігін жоғарылатады.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Холдингті құрудың мақсаты экономиканы дамыту мен әртараптандыруға жәрдемдесу, инвестициялар тарту, кластерлерді дамыту және оның еншілес ұйымдарында корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Холдинг құрамына мынадай компаниялар кіреді: «Казақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС. Холдинг осы компаниялардың мемлекеттік акциялар пакетін иемдену және пайдалану құқығына ие.

Б. Қанатұлы