Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауға 407 млн теңге бөлінді – вице-министр

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлауға 407 млн теңге бөлінді – вице-министр
Фото: surak.szh.kz

Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қазақ елі салтанатты түрде атап өтпек. Жалпы, жыл бойы мерейтойға орай 8 мыңнан астам шара өткізілген. Алдағы 3 айдың ішінде республикалық деңгейде 100 шара, ал еліміздің әр өңірінде 5 мыңға жуық шара өткізу жоспарда бар. Оған республикалық бюджеттен 407 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт вице-миистрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Еліміздің әр өңірінде және Астана, Алматы қалаларында өтетін мерекелік шаралардың жоспары бекітілді. 1-15 желтоқсан аралығында көптеген мерекелік шара ұйымдастырылады. Жалпы, жыл бойы тәуелсіздікке орай 8 мыңнан астам шара өткізілді. Осы 3 айдың ішінде республикалық деңгейде 100 шара, ал еліміздің әр өңірінде 5 мыңға жуық шара өткізу жоспарда бар. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын 15 желтоқсанда үлкен мерекелік концертпен атап өтпекпіз. Қазіргі таңда оған дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы шараларға республикалық бюджеттен 407 млн теңге бөлінді», – деді ол.

Сонымен қатар, Ақтоты Райымқұлова 1 желтоқсан күні қоғамда қызу талқыға түскен 10 бөлімнен тұратын «Қазақ хандығы» сериалы көрерменге жол тартатындығын айтты.

«1 желтоқсан Тұңғыш президент күні екені белгілі. Осы орайда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған 10 бөлімнен тұратын «Қазақ хандығы» сериалы экраннан көрсетіледі. Тележоба кино ретінде де және 10 бөлімнен тұратын сериал ретінде де телеарналардан беріледі. Бұл тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлкен сыйлық болары сөзсіз», – деді вице-министр.

Б. Қанатұлы