Қазақстанда автокөлік құрастыру ісі жедел дамуда

Қазақстанда автокөлік құрастыру ісі жедел дамуда
Фото: auto.mail.ru

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда автокөлік құрастыру ісінің жақсы жолға қойылды. Оған өздерінің өркенді өрісімен ауызға ілініп жүрген Өскемендегі «Азия-Авто» және Қостанайдағы «Сарыарқа АвтоПром» кәсіпорындарын мысал ретінде келтіруге болады.

Осы аталған кәсіпорындарда оңтүстіккореялық, франциялық және ресейлік автокөліктердің жұртшылыққа жақсы танымал көптеген маркалары құрастырылуда. Олардың қатарында «Хюндай», «КИА», «Сан Енг» сияқты Оңтүстік Кореяның, «Пежо» сияқты Францияның, «Шкода» сияқты Чехияның, «Ивеко» сияқты Италияның машиналары мен Ресейдің «Лада» маркалы бірқатар автокөліктерін атауға болады.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, елімізде автокөлік құрастыру жұмыстарының ойлағандай дәрежеде алға басуына Қазақстанның Кеден одағына мүше болуы да белгілі бір ықпалын тигізіп отыр. Өйткені, Ресей рыногының ашылуына байланысты Кеден одағының нормалары ішкі өндірісті 4 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туғызды. Сонымен бірге олар жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақтың да автокөлік шығарушылар үшін айтарлықтай еркіндіктер беретінін жоққа шығармайды. Әсіресе, Ресей мен Батыс елдері арасында санкциялық қарсы тұрушылықтар белең алып тұрған қазіргідей кезеңде қазақстандық өндірісшілер үшін өз өнімдерін көрші ел рыногына өткізу мүмкіндігі бұрынғыдан бетер ұлғая түспек.

Осы орайда, бұл саладағы өндірістің өсу ырғағының күні кеше ғана жылына 110-120 пайыз құрағанын, соның арқасында десек болар, қазақстандық автоөнеркәсіп өмір сүре бастаған жылдар ішінде жалпы сомасы 650 миллиард теңге болатын 124 мың автомашина шығарылғанын еске сала кетудің де еш артықтығы жоқ. Бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы автокөлік өндірісінің көлемі бір пайыздық пунктке өсіп, 2010 жылғы 16 миллиард теңгеден 2015 жылы 80 миллиард теңгеге жету арқылы дағдарысты кезеңнің өзінде жеңіл өнеркәсіптегі көрсеткіштен айтарлықтай асып түсті.

Осылайша, өткен 2015 жылы Қазақстанда автокөліктер рыногы көлемі 7,4 млрд долларды, автокөліктер өндірісі көлемі 80 млрд долларды құрап, сала өндірісінің орташа өсу қарқыны 5 жылда 62 пайызға жетті. Ал ресми сауда құрылымындағы қазақстандық автокөліктер үлесі 2015 жылдың наурызындағы 11 пайыздан 2016 жылдың наурызында 24 пайызға дейін ұлғайды. Тікелей өндірістен және аралас салалардан түскен салықтар 2015 жылы 361 млн долларды құраса, осы сала бойынша 18 мыңдай адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінде Үкімет алдында аса маңызды міндет - жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу міндеті тұр. Осы тұрғыда да автокөлік құрастыру ісінің үлкен маңызға ие болары сөзсіз. Соған орай қазіргі таңда Қостанайда трансұлттық машина құрастырушы компаниялардың қатысуымен индустриялық аймақ құру мәселесі де қарастырылуда. Соңғы алты жылдың ішінде мұнда жеті түрлі әлемдік брендтерден тұратын 25 мың машинаның құрастырылуы да жоғарыда айтылған әңгіменің қисынсыз емес екендігін айғақтай түседі.

Индустриялық аймақ құрылысын биылғы жылы бастап, келер жылы аяқтайтын боламыз, деген болатын облыс әкімі А.Мұхамбетов сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевтің Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде. Сол жолы құрылыстың алдын ала есептелген құнының 2 миллиард теңгеден астам қаржы құрайтындығы да айтылған. Сөз ретінде, Қостанай жерінде болған осынау әңгімеге ҚХР-дың СМС инвестициялық компаниясының вице-президенті Ли Гуо Хуаның да қатысып, өз ойын білдіргенін айта кеткен жөн.

Өткен көктемде «Азия-Авто» кәсіпорны өкілдерінің осы 2016 жылдан бастап ресейлік Лада Калина, Гранта және Приора тәрізді модельдерді сериялық шығаруды қолға алатындықтарын айтқанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл бағытта Өскеменде қазірдің өзінде нақтылы жұмыстар қолға алынып жатыр.

Автокөлік құрастыру бағытындағы жоғарыда айтылған және басқа да жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның тек Кеден одағы шеңберінде ғана емес, сонымен қатар, халықаралық рынокта да автокөлік жасау саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отырғанын айрықша атап көрсету қажет.

Дереккөз: inform.kz

T. Кіршібаев