Химия өңдеу өнеркәсiбiне 2,5 млрд доллар инвестиция тартылды

Химия өңдеу өнеркәсiбiне 2,5 млрд доллар инвестиция тартылды
Фото: 24.kz

2016 жылдың 1-тоқсанында химия өңдеу өнеркәсiбiне 2,5 млрд доллар тiкелей шетелдiк инвестиция тартылды. Бұл туралы «Kaznex invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттiгi» АҚ Басқарма төрағасы Борисбий Жанғоразов «Әлемде және Қазақстанда химия өнеркәсiбiнiң инвестициялық әлеуетi» тақырыбындағы ОКҚ брифингi барысында мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Қазiргi таңда химия өнеркәсiбi маңызды сала болып келедi. Бұл саланың өнiмдерi экономиканың барлық дерлiк салаларында, нақтырақ айтсақ, энергетика, мұнай-газ, автокөлiк, ауыл шаруашылығы, азық-түлiк саласында және күнделiктi өмiрде пайдаланылады. 2015 жылдың 12 айында химия өнеркәсiбiнде 244,1 млрд теңгенің өнiмі өндiрілді. 2010 жылы бұл көрсеткiш 104,1 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсiбiндегi аталған өнiм өндiрiсiнiң үлесi 2010 жылғы 2,7 пайыздан 2015 жылы 4,2 пайызға, тиiсiнше, жалпы өнеркәсiп өндiрiсiнде – 0,9 пайыздан 1,7 пайызға дейiн артты», - дейдi Б.Жанғоразов.

Оның айтуынша, соңғы 6 жылда (2010-2015жж) химия өнеркәсiбiне 191,6 млн доллар тiкелей шетел инвестициясы тартылды.

«Бiз 2015 жылы 2014 жылға қарағанда инвестицияның төмендеуiн байқап отырмыз. 2014 жылы 35,9 млн доллар инвестиция тартылса, 2015 жылы ол 5,2 млн долларға дейiн азайған. Бұл төмендеу жаһандық экономикалық дағдарыспен байланысты, нақтырақ айтсақ, мұнай мен металл бағасының құлдырауымен, бiр-бiрiмен қарсы санкциялар және тағы басқалармен байланысты. Дегенмен, 2016 жылдың бiрiншi тоқсанында инвестициялар ағыны қалпына келе жатыр. Бiз биыл 10 млрд доллар шамасында тiкелей инвестиция тартуды көздеп отырмыз, олардың шамамен 10 пайызы өңдеу өнеркәсiбiне тиесiлi болады. Бiрiншi тоқсанның қорытындысы бойынша, Қазақстан өңдеу өнеркәсiбiне 2,5 млрд доллардан астам тiкелей шетелдiк инвестиция тартты», - дейдi Б.Жанғоразов.

Маманның айтуынша, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар мен индустрияландыру бағдарламасын жалғастырып, инвесторлармен жұмыс iстеуге ерекше назар аударып отыр.

Дереккөз: 24.kz

T. Кіршібаев