Го Чок Тонг: Мықты әрі дана көшбасшының арқасында Қазақстанның жолы болып кетті

Го Чок Тонг: Мықты әрі дана көшбасшының арқасында Қазақстанның жолы болып кетті

Астанаға сапармен келген Сингапур Республикасының Құрметті аға министрі Го Чок Тонг Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйледі.

Мәртебелі мейманды таныстыра келіп, жоғарғы Палатаның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Го Чок Тонг 1990-2004 жылдары Сингапур Үкіметін басқарғанын еске салды. «Сингапур басшылығымен ілгерілеген Даму стратегиясы елді экономикасы әлемдегі ең дамыған және тұрақты мемлекетке айналдыруға ықпал етті. Го мырза Сингапурдың негізін салушы, Азиядағы көрнекті саяси қайраткер, Сингапурдың тұңғыш Премьер-министрі Ли Куан Юдың ісін жалғастырды. Го мырзаның Премьер-министр қызметін атқарған кезде Сингапурдың ішкі жалпы өнімі халықтың жан басына шаққанда 22 мың АҚШ долларынан 44 мың долларға дейін ұлғайды. Қазіргі кезде Сингапур Республикасы әлемдегі ең дамыған елдердің ондығына кіреді. Болған өзгерістер тарихқа «Сингапурдың экономикалық ғажайыбы» деген атпен енді. Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяси және сауда экономикалық маңызды әріптесі болып табылады. Бұл елдің тәжірибесі әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылған Қазақстан үшін өнеге болып табылады», - деді Сенат төрағасы.

«Менің Астанадан алған әсерім зор. Қала тіршілігінің қарқыны Еуразия кіндігінде қолайлы әрі табысты елді қалыптастырудағы Қазақстан басшылығының ой-өрісін паш етеді. Үкіметтегі өз тәжірибемді ескере отырып, мен Қазақстан секілді үлкен елдің дамуына байланысты қиындықтар мен қатерлерді тұтасымен бағалай аламын», - деп бастады өз сөзін Го Чок Тонг. Мейман тәуелсіздік алған сәттен бастап екі мемлекеттің күрделі жағдайына байланысты Сингапур мен Қазақстан арасындағы бірқатар ұқсастықтарға тоқталды.

Ол 1965 жылы Сингапур Ішкі жалпы өнімі халықтың жан басына шаққанда 500 АҚШ долларын құрағанын еске салды. Бүгінде ол бұрынғы үстемдік етуші, Ұлыбританиядан да үлкен - 55 мың долларға жетті. Халықтың сауаттылық деңгейі 60-тан 97 пайызға дейін көтерілді, ал өмірдің ұзақтығы 65 жастан 83 жасқа дейін ұлғайды. Он сингапурлықтың тоғызында жекеменшік үйлері бар. «1965 жылы Сингапур Малайзиядан бөлінгенде тәуелсіздік бізге шын мәнінде «құлап түскендей» болды. Сингапурдағы және одан тыс жердегі адамдарды: өмір сүре аламыз ба? деген сауал толғандырды. Бізде табиғи байлықтар болған жоқ, экономика ұсақ саудаға негізделген, жұмыссыздық көп, діни және тілдік тұрғыда бөліну көз алдымызда болды», - деп еске алды Құрметті аға министр.

Сингапурдың алғашқы 25 жылдағы дамуы Ұлт негізін салушысы Ли Куан Юдың басшылығымен экономикалық тіршілік ету және ұлтты қалыптастырудың кеңінен танымал тарихы болып табылады. Бұл сондай-ақ мейманның пікірінше, Сингапур мен қазіргі замандағы Қазақстанның арасындағы ұқсастық болып табылады.

Го Чок Тонг Сингапур үкіметін басқарғандағы өз тәжірибесімен бөлісті. Оның пікірінше, мемлекеттің табысты дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті: адам капиталын қалыптастыру, институттар  құру және көшбасшылық мәселесін бөліп айтты.

«Мемлекет құру үшін, бірінші кезекте адам ресурстарынан маңызды әрі бағалы ештеңе жоқ. Сингапур оны ауыр тәжірибе арқылы ұқты. Бізде табиғи байлықтар болған жоқ, сауаты төмен жұмыс күші болды. Өз адамдарымызды, олардың білім алуына және болашағына инвестициялаудан басқа таңдау болмады. Біз мектептерді жедел салып, көптеген оқытушылар даярладық. Бұл ретте математика мен ғылымға, кең таралған тіл болмаса да ағылшын тілін оқу мен жұмыстың негізгі тілі ретінде таңдадық», - деді мейман.

«Адам ресурстары мен табиғи ресурстардың арасындағы айырмашылық, біріншісі тұрақты түрде ұлғаятын актив болса, екіншісі - азая беретін болып табылады. Адам капиталына көбірек инвестиция салған сайын оның бағасы да арта түседі», - деп атап өтті Го Чок Тонг.

Құрметті министр мемлекет пен адамдар әлеуетін толық ашу үшін институттарды, ең алдымен мемлекеттік билік органдарын құруды негізгі мәселе ретінде атады. «Біздің институттар шетелдік инвесторлар үшін де, сингапурлықтар үшін де ұзақмерзімді сенімділік ұялатады», деп санайды саясаткер.

Үшінші негізгі бағыт - көшбасшылық. «Игілікті көшбасшылық және халықтың топтасуы елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды болып табылады. Күшті басшы адамдарды біріктіреді және оларды бағыттайды, мақсат қояды. Оны популизммен шатастыруға болмайды... Мықты әрі дана көшбасшы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстанның жолы болып кетті. Ол жас елдің Премьер-министрі болған кездегі Ли Куан Ю секілді істі аяғына дейін жеткізеді» - деді Го Чок Тонг.

Сингапур саясаткерінің пікірінше, өзінің 25 жылында Қазақстан келешегі зор жас ел болып табылады. Сингапурдан айырмашылығы Қазақстанның алдында әлсіз жақтарды артықшылыққа айналдыру мәселесі тұрған жоқ, ал қайта бай табиғи байлықтарды халықтың жан басының жоғары табысына, өмірдің жоғары және тұрақты стандарттарына айналдыру мәселесі тұр.

«Қазақстан үкіметі алдарында тұрған қатерлерді жақсы түсінеді және  келешекте тұрақты даму үшін мүмкіндіктер жасайды деп сенемін. Экономиканы әртараптандыру және білімге негізделген экономиканы қалыптастыруды көздейтін «Стратегия-2050», сондай-ақ «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту экономикалық саясаты келешекке ілгерілеу үшін Қазақстанға тамаша тұғыр болады», - деп санайды Го Чок Тонг.

Сингапур Қазақстанмен екіжақты инвестициялар және Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда туралы келісім бекіту арқылы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылуда. Мәртебелі мейман сондай-ақ Қазақстанға азиялық инвестицияны тарту үшін халықаралық қаржы орталығы ретінде Сингупардың мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Одан басқа, оның пікірінше, «Бір белдеу - бір жол» бастамасы аясында өзара іс-қимыл әлеуеті де бар.

Сөзін аяқтай келіп, Го Чок Тонг қонақжайлықпен қабылдағаны үшін Президент Н.Назарбаевтың, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың және Қазақстан үкіметінің атына алғыс айтты және Қазақстан халқын тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады. 

Дереккөз: inform.kz