«Алтын асық» бағдарламасының арқасында мал басы көбейіп келеді

«Алтын асық» бағдарламасының арқасында мал басы көбейіп келеді
Фото: www.n-va.be

Өрісі кең Отырар ауданында соңғы жылдары ата кәсіпті жалғастырушы шаруалардың саны артуда. Өңірде мал шаруашылығының дамуына әрине Елбасының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп отырғаны анық, - деп хабарлайды "massaget.kz" rgmedia.kz порталына сілтеме жасап. 

Сөзімізге нақты мысал келтірсек мал шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша ауданда өткен жылы 2923 бас уақ мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша 287 бас жылқы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2777 мүйізді ірі қара алынып, 227 бірлік 10-15 бас шағын мал бордақылау алаңдары ашылған. Сондай-ақ 45 бірлік 5-10 бас малға арналған шағын жанұялық сүт аулалары құрылып, жоспар толық орындалған. Өткен жылдармен салыстырғанда ірі қара мал 110,9 пайызға, уақ мал 107,5 пайызға, жылқы 112,1 пайызға, түйе 118,2 пайызға, құс 102,6 пайызға өскен. Өткен жылы Шілік ауыл округінен «Нұр-Шілік» селолық түтыну кооперативі құрылып, қазіргі уақытта мал сою алаңы, сүт өңдеу цехының құрылыс жұмыстары аяқталған.

"Алтын асық", "Құлан" бағдарламалары 2013 жылдан бастап қалыпты жұмыс жасай бастады. Аталған екі бағдарлама да ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігі мен экспортқа бағытталған өнім өндірісінің көлемін жоғарылату аясындағы міндеттерді жүзеге асырады. Қой мен жылқы малының жалпы табындағы асыл тұқымды мал басы санының үлесін ұлғайтуға қолайлы жағдай туғызады. Бағдарламалардың жүзеге асуынан қой мен жылқы малының өнімділігін арттыру күтілуді. Жобаларды несиелендіру «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асады.

«Алтын асық» бағдарламасы қой сатып алу үшін 1 миллион теңге мен 10 миллионға шейін 7 жылға беріледі. Оның ішінде 2 жыл кәсібін кеңейтуге мүмкіндік беріліп, несие каникулы қарастырылған. Бағдарламадағы тағы бiр жеңiлдiк — қой құнын арзандатуға, ет өндiруге, селекциялық жұмыс жүргiзуге байланысты мемлекеттiк субсидия тағайындалған. Сондай-ақ, қожалықта 600-ден аса қой болса, оларға қажет жемшөп өндiру техникасына кеткен шығынның 50 пайызына шейін мемлекет есебiнен субсидия төленеді.

Ал жылқы түлігіне қатысты “Құлан” бағдарламасындағы негiзгi талап – 15 аналық биеге 1 асыл тұқымды айғыр, жылқының жасы 12-36 ай аралығында болуы. Шаруада жоспарланған мал санының 30 пайызы жекеменшiкте немесе оны сатып алатын қаражаты болуы керек. Ал бұл үшiн берiлетiн несиенiң ең азы 4,5 миллион теңгеден басталады. Несиенi өтеу мерзiмi – 10 жыл. Шаруаның 3 жыл несиені қайтармауына мүмкіндік қарастырылған. 

T. Кіршібаев