Ақбөкендер аспаннан бақыланады

Ақбөкендер аспаннан бақыланады

Киіктің өткен жылғы қырылуы биылғы көктемде ғалымдарды да, Торғай жерінде дала­ның еркесі үшін құрылған «Алтын дала» резерваты мен жергілікті басқа да тиісті орындарды аяғынан тік тұрғызғалы отыр. Қазақстандағы ақбөкеннің Бетпақдала, Орал және Үстірт үйірлерінің қысқы жайылымынан төлдейтін мекеніне жылжуы спутник арқылы бақылануда. Биологиялық алуан түрлілікті сақтау қазақстандық қауымдастығының қыз­меткері Алексей Тимощенконың айтуынша, киіктер Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының аумағына өтіп үлгеріпті.

Облыстық орман және аңшылық шаруа­шылығы аумақтық инспекциясының бөлім меңгерушісі Боранбай Айтқожиннің айтуынша, киіктер жазғы жайылымына қозғалғанымен, төлдейтін мекеніне келуіне әлі ерте. Өйткені, Торғай даласында шөп әлі бөкеннің тісіне тиетін болған жоқ, қалың болмаса да қардың көбесі енді сөгіліп жатыр. Олар 300 шақырымда жатқан жылдағы үйреншікті төлдейтін мекеніне әлі бір-бір жарым айдай жайылып жетеді екен. Оған дейін далада күн де жылиды, шөп те қаулайды.

– Бетпақдала үйіріндегі киіктер лақтайтын жерлеріне сәуір айында келеді. Мамыр айында оларға авиасанақ жүргізіледі. Тек Бетпақдалада ғана емес, Қазақстандағы киіктердің барлығы да саналады. Оның қорытындысы маусым, шілде айларында шығарылады. Былтырғы апаттан дала еркесінің қаншасы аман қалғаны туралы біздің қолымызда мәлімет жоқ. Өйткені, былтыр санақ жүргізуге үлгерген жоқпыз, – дейді Боранбай Айтқожин.

Киіктердің жаппай төлдей бастауына қарсы Қостанай облысында әлден тас-түйін дайындық бар. Оған «Алтын дала» резерваты, «Охотзоопром» мекемесі, облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы, облыстық ішкі істер департаменті қатысады, жедел топ құрылады. Тиісті шаралардың бар­лығы да жасалмақ. Жұмыстар қайткенде де өткен жылғы оқиғаның қайталанбауын, сонымен қатар, дала еркесін сұқ көздердің сұғынан қорғауды көздейді. Соңғы уақытта Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан зымырандардан бөлініп түсетін бөлшектер құлайтын аймақ үшін Жангелдин ауданынан 100 мың гектар жер бөлу жөніндегі хабар бұқаралық ақпарат құралдарынан көріне бастады. Оның 20-30 гектары «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватын қамтиды екен. Бұл жөнінде биология ғылымдарының докторы, «Алтын дала» халықаралық табиғат қорғау бастамасының үйлестірушісі Татьяна Брагина да қынжылыс білдірді.

Авторы: Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА 

Дереккөз: «Егемен Қазақстан»

Y. Almabek