"Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы басталды

"Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы басталды
Фото: nurotan.kz

Бүгін Алматыда "Тәуелсіздікке тағзым" атты тақырыпта "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы басталды. Оған бүкіл Қазақстан бойынша айтулы 22 ақын қатысуда. 

"Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы осымен төртінші рет өтіп жатыр. Бұл шараның негізгі мақсаты − Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің өтіп бара жатқан жыл ішінде қол жеткізген табыстарын өлең сөзбен халыққа жеткізу. 

Биыл өзінің жиырма бес жылдығына қадам басқалы тұрған тәуелсіз еліміздің дамуындағы қол байлау болып отырған кейбір келеңсіз мәселелерді айту. Бұл айтыс бұған дейін Астанада өтіп келген болатын. Ал биыл Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің ұсынысымен тәуелсіздіктің алтын бесігі, азаттығымыздың алтын ордасы Алматыда өткізіліп отыр,  деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, ақын Жүрсін Ерман.

Сонымен қатар ол екі күнге созылатын айтысқа нағыз мықты ақындар жиналғанын жеткізді.

"Биыл жыл бойы еліміздің барлық өңірінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үлкен айтыстар өтті. Сол үлкен айтыстарда топ жарып, жеңімпаз атанған, жүлдегер болған 22 ақын бүгінгі аламан айтысқа келіп отыр. Олардың ішінде Айбек Қалиев, Болатбек Оразбаев, Еркебұлан Қайназаров, Аспанбек Шұғатаев, Еренғайып Күзембаев, Қалижан Білдәшев, Жансая Мұсина, Мақсат Ақанов сынды аузымен құс тістіген ақындар бар"  деді Жүрсін Ерман.

Дереккөз:inform.kz

С. Ерсін