Шымкент әкімі Германия мен Түркиядан келген делегацияны қабылдады

Шымкент әкімі Германия мен Түркиядан келген делегацияны қабылдады
Фото: tn.kz

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Германия мен Түркиядан келген делегацияны қабылдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Германияның Ален қаласының басшысын және Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы жетекшісін қабылдау барысында қос тараптың өкілдері неміс тілінде еркін пікір алмасып, екі ел арасындағы бірлескен іс-шаралар жобасы мен өзара ынтымақтастық бойынша бірқатар мәселені талқылады. "Кездесу кезінде Шымкентте қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған муниципал полиция қызметін жасақтау тақырыбы да сөз болды", – деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Өз кезегінде Ғабидолла Рахматоллаұлы Германия мен Қазақстан арасындағы тығыз қарым-қатынас ахуалын жоғары бағалап, жергілікті өзін-өзі басқару саласында ұйымдастырылған семинарға арнайы келгені үшін шетелдік өкілдерге алғыс айтты.

 

М. Бисембаева