Полицей төрт бала мен олардың анасын өлімнен арашалап қалды

Полицей төрт бала мен олардың анасын өлімнен арашалап қалды
Фото: remont.komimarket.ru, st.tengrinews.kz

Зеренді ауданы Қарабұлақ ауылынан шыққан 23 жастағы кіші сержант Данияр Аманжол Көкшетауда өртке оранған үйден әйелді және оның 4 баласын құтқарып қалды.

Көкшетау ІІБ баспасөзінің хабарлауынша, оқыс оқиға 10 қыркүйекте болған.

Ішкі істер басқармасында 8 ай жұмыс істеп келген полицей Уәлиханов пен Жеңіс көшесінің қиылысындағы «2030» дүкенінің маңынан өтіп бара жатып, өртке оранған үйді байқап қалады. Оған жақындаған Аманжол біреулердің көмекке шақырып жатқанын естіп қалады.

Ер кісі ойланбастан терезені шағып, түтіндеген үйге кіреді. Содан соң, үш баланы үйден алып шығып, тағы да қалып қойғандар бар-жоғын тексеруге кіреді.

Балалардың анасы төртінші баласын өртке оранған үйдің ішінен таппай жүріп қалған екен. Баланы шығарып алатын жол өрттен жабылып қалған. Данияр сол арада шашы өртеніп жатқан әйелді терезеден сыртқа шығарады.

Әйел Аманжолға тағы бір сырқат қызы іште қалып қойғанын айтып, жылай бастайды. Полицей түтінге толы үйге тағы да кіргенімен, баланы таба алмайды. Ол бірден “101-ге” хабарласып, іште бала қалып қойғанын хабарлайды.

Келіп жеткен өрт сөндірушілер есінен танып қалған қыз баланы сыртқа шығарып, құтқарып қалды.

Қазіргі уақытта өрттің себептері анықталуда.

Дереккөз: Nur.kz

Е. Жұмабайұлы