Ақмола облысында астық кептіргіш тұрғызылды

Ақмола облысында астық кептіргіш тұрғызылды
Фото: khabar.kz

Диқандарға мемлекет барынша қолдау көрсетуде. Сондықтан өнімділікті одан ары арттырып, саланы әртараптандыру қажет. Бұл – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола облысында шаруалармен кездесу барысында айтқаны, - деп жазды khabar.kz порталы. 

Мәселен, аталған аймақтың егін шаруашылығына биыл 10 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге көп. Ал өңір диқандары осы жылы 5 млн тонна астық жинаудан үмітті. Қолайлы күн райын пайдаланып, астықты қамбаға құюдың қамында жүрген шаруашылықтардың бірі – Бурабай ауданындағы «Алтын бидай» серіктестігі.

Олар биыл 34 мың гектар алқапқа дән сепкен. «Егіннің шығымы жақсы, ендігі мақсат оны дер кезінде жинап алу», - дейді диқандар. Михаил Кухарь, Серіктестіктің директорлар кеңесі төрағасының орынбасары: - Біздің серіктестік тұқым шаруашылығымен айналысады. Сондықтан басты міндет – тұқым қорын жинап алу. Қазірдің өзінде 750 тонна арпа және 150 тонна бидай бастырдық.

Осындай ашық күндерді барынша пайдалып қалудамыз. Айта кету керек, өткен жылы өңірдегі астықтың біразы қар астында қалған болатын. Аталған серіктестік сол жағдайды ертерек ескеріп, биыл арнайы астық кептіргіш тұрғызыпты. Бір қызығы оған әдеттегідей сұйық отын емес, шөптен жасалған табиғи отын қолданылады екен.

Павел Заволовный, жұмысшы:

- Мен үш жылдан бері осында еңбек етіп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымыз уақытылы. Мәселен, мен айына 80 мың теңге еңбекақы аламын. Бұл – ауылды жер үшін едәуір жоғары табыс.

Қазір серіктестікте жергілікті 200-ден астам адам еңбек етіп жүр. «Астықты жинап алуға бізде барлық жағдай жасалған», - дейді, олар. 30 шақты комбайн мен басқа да техникалар казір күндіз-түні егістік басында. Шаруашылыққа Үкіметтен арзандатылған жанармай да бөлініпті. Шаруалар бұйыртса, биыл мол өнім аламыз деп отыр.

@. @assel_assanova