Астанада ертең "Қымыз мұрындық" мерекесі өтеді

Астанада ертең "Қымыз мұрындық" мерекесі өтеді
Фото: massaget.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау барысында Астанада халқымыздың ұлттық сусыны қымыз мерекесі өтеді. "Қымыз мұрындық" деп аталатын бұл шара 11 қыркүйек күні "Атамекен" этномемориалдық кешенінде болады. 

Қала қонақтары мен тұрғындарына алтыбақан құрылып, киіз үйлер тігіледі. Онда ұлттық киімдегі ару қыздар қымыз, бауырсақ, тағы да басқа ұлттық тағамдарымызды ұсынады. Ал үлкендер ата дәстүрімізді жаңғырып, "Тұсау кесер" тойын жасайды.  

Алаңда ұлттық киімдерімізді таныстырып сұлулар өнер көрсетеді. Оған қоса халықтың қызығушылығын ояту үшін түйе жүнінен тоқылған кілемдер жәрмеңкесі де өтеді. "Қымыз мұрындық" мерекесінде тәжірибелі бүркітшілер де өз өнерлерін ортаға салады. Келушілер қазақтың ұлттық сусынын баяндайтын керемет театр қойылымдарын тамашалай алады. 

Сонымен қатар бұл мерекеге келушілер "арқан тарту", "қол күрестіру" секілді сайыстарға түсіп, күштерін сынай алады. Және "қымыз туралы ең көп білетін адамдар" мен "қымызды ең көп ішетін адам" арнайы сыйлықтармен марапатталады. 

Сағат 11-ден 18:00-ге дейін созылатын мерекеде барлығы қымыздан дәм татып, ұлттық сусынымыздың тарихымен таныс бола алады.

Ж. Исакаев