Қырғызстаннан тауар қымбаттап келеді деген қауіп бар

Қырғызстаннан тауар қымбаттап келеді деген қауіп бар
Фото: dic.academic.ru

ЕАЭО-на кірген соң Қырғызстанда үшінші елдерден әкелінетін тауарлар қымбаттады. Енді Қазақстанда да баға қымбаттауы мүмкін деген қауіп айтыла бастады.

Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіргеннен кейін Қырғызстанда Қытай, Түркия сияқты елдерден әкелінетін тауар бағасы күрт қымбаттап кетті. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұрын бағасы 120 сом болған Қытайда жасалған шамдар үшін саудагерлер қазір 150 сом сұрайды. Ал Түркияда шығарылған жез сымның бір метрі 32 сомнан 42 сомға дейін қымбаттаған.

Тауар түріне қарай кедендік баж көлемі 20, ал кейбір тауарлар бойынша тіпті 50 пайызға өскен. Қырғызстан кәсіпкерлері доллар бағамының өсуіне байланысты тауар тағы қымбаттауы мүмкін деген болжам айтады.

Тауар бағасының қымбаттауын экономистер де Қырғызстанның ЕАЭО-на кіруімен байланыстырады. Олардың есебі бойынша, тауар бағасы орта есеппен 30 пайызға қымбаттаған. Бірақ, олардың сөзінше, кедендік баж көлемі өсуіне байланысты баға бір рет қана көтерілуі тиіс, алайда доллар бағамы 70 сомға дейін өссе, баға да қымбаттай бермек. Бұған ілесе саудагерлердің өздері де бағаны әдейі қымбаттатуы мүмкін.

Тамыздың 12-сінен бастап үшінші елдерден әкелінетін тауардан алынатын кедендік баж мөлшері бұрынғы нөл пайыздан 16 пайызға дейін өскен. Қырғызстан кеден қызметі өкілдерінің айтуынша, кедендік баж алымына қоса тауардан 12 пайыздық қосымша құн салығы да ұсталады.

Қырғыз сарапшыларының пікірінше, тауар қымбаттауын тоқтатпайды. Өйткені қазір сөрелерде Қырғызстан ЕАЭО-на кірмей тұрып әкелінген әрі ескі бағамен сатылатын тауар әлі бар. Бірақ, қазірдің өзінде кейбір кәсіпкерлер ескі тауарларына қазіргі кедендік баж алымын қосып, жаңа баға қойып жатыр.

Қырғызстанға құрылыс материалдарының көбі ЕАЭО-на мүше емес елдерден, әсіресе Қытай, Түркия және Оңтүстік Кореядан келеді.

Қырғыз сарапшыларының айтуынша, бұрын кедендік баж алымы ретінде киім-кешектің бір килограмынан 35-50 цент алынып келген. Қырғызстан ЕАЭО-на кіргеннен кейін баж мөлшері екі долларға дейін өсті. Олар енді Қытай тауарларының бағасы бірнеше есе қымбаттап кетуі мүмкін деп жорамалдайды.

Дереккөз: azattyq.org

Ф. Абилова