Кейбір жанармай бекеттері бензин бағасын арзандатты

Кейбір жанармай бекеттері бензин бағасын арзандатты
Фото: pinstake.com

Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, Астанадағы Сауран көшесіндегі «Қазмұнайгаз» май құю стансасында (МҚС) АИ-92 маркалы бензині литрі 125 теңгеден сатылуда, ал Сауран мен Керей-Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы «Номадойл» стансасында осындай маркалы бензиннің литрі бұрынғыша – 108 теңге тұрады.

Сауран көшесіндегі «Қазмұнайгаз» МҚС-та АИ-95 маркалы бензиннің бағасы – 136, АИ-98-дің литрі – 149 теңгеден, ал Сауран мен Керей-Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы «Номадойл» стансасында АИ-96-нің литрі – 129 теңге, АИ-98 бензинінің литрі 145 теңге тұрады.

Айталық, 5 қыркүйек күні Алматыда АИ-92/93 бензинінің литрі 127-130 теңге шамасында болған.

Қазақстан Үкіметі бензин жетіспеушілігін болдырмау үшін АИ 92/93 бензинінің бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартуға шешім қабылдады.

«Әлемдік нарықтардағы валюта бағамының тұрақсыздығы салдарынан біз мұнай өнімдеріне өте икемді және бейімделгіш сипатта баға белгілеуіміз қажет. Сондықтан Үкімет АИ 92-93 бензинінің ішкі нарықтағы жеткіліксіздігін болдырмау үшін бензиннің осы маркалы түрлеріне бағаны мемлекеттік реттеуден бас тартуға шешім қабылдады», – деді ҚР бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаев жұма күні.

Үкіметтің мұндай шешіміне вице-премьер түсінік бере отырып, бұрын Қазақстан жетіспейтін бензинді Ресейден литрін 1 рубль – 2,95 теңге бағамымен 97 теңгеден сатып алып, 108 теңгеден сатып келгенін айтты.

«Ал бүгінде теңгенің өзгермелі бағамына сәйкес литрін 120 теңгеден сатып алып, 108 теңгеден сатып отырмыз. Ешкім де шығынға батып әкелгісі келмейді. Егер бұлай жалғаса берсе, қыркүйектің соңына қарай бензиннің едәуір жетіспеуіне әкеп соғуы мүмкін», – деп қосты Сағынтаев.

Ол сонымен бірге Қазақстанда АИ-80 маркалы бензині мен дизель отынына баға көтерілмейтінін атап өтті.

Дереккөз: nur.kz

Ф. Абилова