Заңсыз шығарылған алкогольді смартфон арқылы анықтауға болады

Заңсыз шығарылған алкогольді смартфон арқылы анықтауға болады
Фото: kapital.kz

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәлімдемесіне орай, Қазақстан алкогольді сусынды тұтыну мөлшері бойынша әлемдік рейтингте 34-орынға келіпті. Орташа есеппен елдің әрбір азаматы жылына 11 литр алкоголь тұтынады екен. Бір қызығы, БҰҰ бағдарламасы негізінде құрылған ұйымның 2003 жылғы мәлімдемесінде әрбір қазақстандыққа 3 литрден тура келген. Ендеше қысқа уақытта ортақ көрсеткіштің 3,5 есеге өсіп кетуі мемлекеттік деңгейде дабыл қағу қажет екенін айғақтайды.

2014 жылы Қазақстандағы алкогольді тауар айналымына қатысты заңнама бекітілді. Заңнамаға орай, ел аумағында заңсыз сатылатын алкогольді сусындарды жою көзделді. Нәтижеде тауар айналымында жүрген заңсыз алкогольді ішімдіктерді смартфон немесе планшеттердің көмегімен анықтау әдісі қолға алынды. Заңнама 2016 жылдан бастап күшіне енбек.

Әйткенмен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бұл әдісті бүгіннен жүзеге асырды. Аталған мәселені шешу үшін комитет Wipon (Вайпон) жобасы авторларымен келісімге келіп, заңсыз сатылымға шыққан алкогольді сусындарды анықтайтын мобильді қосымша шығарды. Wipon атауына ие болған қосымша iOS, Android және Windows Phone оперативті жүйелерінде қолдануға берілген. 

Тауар сатып алу кезінде аталған қосымшаның көмегімен ішімдік сыртына жабыстырылған аксиз маркасын сканерлеу керек. Сосын өнімнің заңды немесе заңсыз екені анықталады. Ал заңсыз деп табылған өнімдер туралы ақпарат бірден комитет қарауына жөнелтіледі. Сосын өнімнің Қазақстан тауар айналымына қалай енгендігі анықталатын болады.

Wipon қосымшасына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік Банк жүзеге асырып жатқан Технологияларды қаржыландыру жобасы қолдау көрсеткен. Мобильді қосымша елге кірісі жоқ экономикамен күресуде ұтымды әдіс болмақ.

Алдағы уақытта Wipon қосымшасын құрастырушылар нарыққа заңсыз енген өзге де тауарларды анықтау мүмкіндігін жасау үшін еңбек етеді. Бүгінде Wipon қосымшасын кез келген азамат тегін қолдана алады.

Ж. Өрісбай