- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- АҚШ-тағы қазақстандық арт-топ...
АҚШ-тағы қазақстандық арт-топ көрмесі
"Қызыл трактор" тобы құрылғаннан бері елді таңғалдырып келеді. Биыл Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында "Қызыл трактор" тобы Еуропаның Чехия, Англия сияқты елдерінде өз көрмелерін ұйымдастырған еді. Енді міне "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қызыл трактор" өнер тобы мұхит асып, АҚШ жұртшылығын өз өнерімен тәнті етіп жатыр. Американың Нью-Йорк қаласында 14 қазан-30 қараша аралығында "Қызыл трактор" тобының "Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар" ретроспективті көрмесінің есігі америкалық азаматтар үшін ашық болады. Бұл көрме де "Фокус Қазақстан" жобасының және ACAW Азия заманауи өнер апталығының бір шарасы.
Көрменің салтанатты ашылуы күні "Қызыл трактор" "Тазарту" атты өзінің танымал перформанстарының бірін ұсынды. "Фокус Қазақстан" жобасын "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі ұйымдастыруда. Жоба жетекшісі — Л. Кочетов, жоба кураторы — Р. Әбенова. Көрме кураторының көмекшісі — Влад Слудский. Топ мүшелері: Молдақұл Нарымбетов (1948–2012), Виталий Симаков, Абилсаид Атабеков, Смайыл Баялиев, Арыстанбек Шалбаев. "Фокус Қазақстан" жобасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында, оның ішінде "Жаһандандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет" тармағы бойынша жүзеге асып отыр.
Ал Азия заманауи өнер апталығы (ACAW) — кең ауқымды эксперименталдық көрмелерді, инновациялық жобаларды және түрлі диалогтарды көрсету үшін нью-йорктық және азиялық жетекші көркемөнер институцияларын, музейлер мен галереяларды біріктіретін серпінді кураторлық және білім беру алаңы.
Көрмеде "Қызыл трактор" қазақстандық өнер тобының үш жүзге жуық экспонаты қойылған: көркем сурет, графика, монументті мүсіндік жұмыстар, кеңістіктік нысандар, инсталляциялар, перформанстардың мұрағаттық суреттері және бейнелері.
Айта кетейік, 1990 жыл Шымкентте Молдағұл Нарымбетов, Витали Симаков, Смаил Баялиев, Саид (Әбілсейт) Атабеков, Арыстанбек Шалбаевтардан құралған "Трансавангард" арт тобы құрылды. Төрт суретшіден тұратын топ сонау 1990 жылдың өзінде "Қызыл патша" атты алғашқы көрмелерін өткізді. Осыдан соң Алматыда "Шымкент Трансавангард" көрмесін ұйымдастырды. Шымкент обылыстық тарихи өлкетану музейінде ұйымдастырылыған көрменің атын "Қызыл трактор" деп суретші М. Нарымбетов ойлап тапқан екен. Өйткені сол музейдің алдында тың игеру саясатындағы алғашқы тракторлардың бірі - қызыл трактор тарихтың жаңғырығы ретінде ескерткіш етіп қойылған. Содан берімодернистік бағыттағы бұл топ "Қызыл трактор" деп аталып келеді.
Міне содан бері арт-топ елімізде де, өзге елдерде де өзіндік стилі бар өнер туындыларымен көрерменді қуантып келеді. Мысалы Чехияда өткен өнер көрмесінде жиналған жұрт "Қызыл трактордың" ерекше стильді өнер туындалырына таңғалғанын жасырмады. Бұл туралы:"Мен Қызыл Трактордың адам рухын, ішкі сезімін тамаша тәсілмен жеткізгеніне риза болдым", – дейді Голландиялық жазушы, журналист Херт мырза.
Нью-Йорктағы көрменің "Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар" атауы көрме кураторы Лиза Ахмадидің шығарма желісіне қатысты, ол суретшіні көркемөнер нарығынан тыс бірінші коллекция жиюшы деп атайды, бұл сонымен қатар 2018 жылғы Азия заманауи өнер апталығының негізгі тұжырымдамасы болып табылады.
Т. Раушанұлы