«Рухани жаңғырудың» астарында ұлттық мүдде жатыр

«Рухани жаңғырудың» астарында ұлттық мүдде жатыр
Фото: babelpontocom.com.br

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ел ішінде талдап, қоғам қайреткерлерінен бастап, әдебиетшілерге дейін ойларын білдірді. Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, оң нәтижесін беру үстінде.

"Рухани жаңғыру" деген не?

Рухани жаңғыру – бабалардан бойға сіңген дәстүрдің, әдет пен ғұрыптың, салт пен сананың, ырым мен тыйымның, ұлттық болмыс пен ұлттық құндылықтардың қайта өрлеу кезеңі. Яғни қазіргі заман талабына сай мәдениеттің жаңаша бағытта қалыптасуы. 

Елбасының бұл мақаласы – астары терең, түсіне білген адамға мәні мен мағынасы бар үндеу. Елдің басшысы ретінде елдің ертеңіне алаңдау, жаһандық өзгерістермен бірге өзгеріп, өз ұлтыңның мәдениетін сақтап қалу өте қиын жұмыс. Ән салып, домбыра тарта беру немесе өткен мәдениеттің ескі дәстүрін сол қалпында қазіргі қоғамға жеткізге беру ешқандай жеңіс әкелмейді. Қоғам алдында беделді әрі биік болу үшін бәріне дайын болу керек. Қазақта «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді. Бағыты басқа, болмысы мүлде бөлек кетіп бара жатқан жаһандық өзгеріске біз қалай қосыламыз? Мәдениетімізбен! Қандай мәдениетпен: кешегі мен әлде бүгінгі қайта жаңғырған мәдениетпен бе? 

Өткен мен бүгін арасы 

Өткен дәуір классикаға толы әдебиет пен мәдениеттің, руханияттың дәуірі болды. Ал қазір ол дәуір басқа бағытқа жол жүріп кетті. Тоқтату мүмкін емес, бірақ көштен қалмай бірге өмір сүруге мүмкіндік бар. Ол үшін жалаңаштанудың, ол үшін мәдениеттен бас тартудың, дәстүрден ада қалудың қажеті жоқ. Бірақ еліміздегі түрлі саяси оқиғалардың түбі дәстүрімізден айрылып қалуға алып келе жатыр. Еліктеу, Еуропашыл, Шығысшыл адамдардың қатары пайда болды. Ал мұндай сәтте ел президенті қандай шара жасау керек? Әрине эмоцияға салынып бәріне тоқтау жасауы мүмкін емес, басты себеп бір емес, миллион адамды басқарып отыр. Кесіліп пішке тон келте болмас дегендей, ақылға салып, жеті рет өлшеп барып, байыбын түсініп осы мақаланы халыққа ұсынды. Ұсынылған күннен бастап түрлі дау да, қолдау да болды. 

ХХІ ғасырдағы ұлттық сана. Иә шынымен де қазір жер бетінде ұлттық түсініктен гөрі, бәрінің АҚШ болғысы келеді. Бәрінің еркін және ұлтаралық байланыс емес, адами факторлардан тұратын қоғамдық көзқараспен өмір сүруге талпынғысы келеді. Бұл өте қауіпті. Бұл ұлт үшін, келешек ұрпақ үшін қатер. 

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің дамуы. Бірақ ғылымды да білімді де басқарып отырған адамдардың алдындағы мақсат идеологиямен жұмыс жасауға ауып кетті. Адамдардың адасуы, басқа бағытқа түсуі, елдің емес жеке бастың күйін күйттеу мәселелері көтеріліп кетті. «Отан», «Ел», «Жер-Ана» дейтін түсініктер жоқтың қасы. 

Бәсекелік қабілет. Бәсеке әркім қабілетті болуы маңызды. Бірақ тұтас ел болып бәсекеге қабілетті болу, соның жолында жаппай тұтас еңбек ету, білім алу, ғылым игеру бұл басқа бір төбе. Себебі кез келген күштің дәрежесі бірлікте. Ендеше рухани жаңғырудың тағы бір қыры елді бірлік пен татулыққа шақыру. Қарабайыр қарым-қатынас үшін шақыру емес, бәсекелес болуға, елдің ертеңі үшін бірігуге шақыру. 

Прагматизм керек. Бұл қиялдаудан іске көшу. Тамырдан тарап, бойға енген ұлттық құндылық пен байлықты игеру. Игере отырып, соның жолында қайта жаңғыру, қайта өсу. 

Маржанға тізгендей тізіп шығар болсақ, мақалада көрсетілген әрбір тарауға жеке баға беруге болады. Рухани жаңғырудағы ең негізгі талданған мәселе – латын әліппесі. Халық тек «латын әліппесін» талдай отырып, соған аса мән берді. Бұл рухани еркіндік кепілі болғандықтан маңызды орынға шықты. Бірақ біз ескермей қалған білім, ғылым, қайта өрлеу, халықтың сана-сезімі, ұлттық болмыс, ұлттық мүдде көлеңкеде қалып қойды. 

Рухани жаңғыру мақаласы бұйыра отырып, міндеттей отырып халықпен елбасының тілдесуі хаты деп қарауға болады. Хатта көрсетілген міндетті орындай отырып, халық мемлекет үшін алаңдау керектігін, отан үшін отқа түсіп, суға батпаса да, жер астынан қоян іздеп сабылмаса да, даму үшін дара жолға түсу керек екенін сезіну керек. Бұл ең бірінші білу керек түсінік. 

Рухани жаңғыру ат үсті қарап, әзілге айналдыратын мақала емес. Бұл қазіргі кезде елдегі әрбір азамақта керек, бойына бойтұмар қылып ұстайтын, салмағы мен сара жолы бар мақала. 

Сыртқы саясаттың мәселесін елбасы өзі атқарса, ішкі саясаттың тыныштығын сақтау және мемлекеттің іші түтін емес, бүтін болу үшін халық жаппай жұмылу керек. Ал ол үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы таптырмас көмекші құрал. 

М. Ақан