Ayree: Музыка - біздің қанымызда бар қасиет

Ayree: Музыка - біздің қанымызда бар қасиет

16 желтоқсан күні Астана конақтары мен тұрғындары Бейбітшілік және келісім сарайында өздерінің сүйікті "Мәңгілік ел дауысы" караоке-шоуын тағы тамашалай алады. Бұл – караоке форматы түрінде жан-жақты ойластырылған ерекше шара, онда жиналған көрермендер сахнадағы әртістермен қосылып, хит әндерді бірге шырқайды. Шоу бағдарламасында қазақстанның топ-әншілерінің үздік әндері мен ырғақты би қойылымдарын көрермен назарына ұсыну жоспарланып отыр. 

"Бірге ән сал!" ұранымен өтетін концертте Kalifarniya, Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайберген, Alpha топтары және қазақ эстрадасындағы дауысы ерекше, дарынды әнші Ayree өнер көрсетеді. Оның сиқырлы дауысын бір естіген адам ұмыта алмайды. Айгерім Рақышеваның (әншінің шын аты-жөні) өзге әнші қыздардан ерекшелігі - әдемі тембрі мен өзіне ғана тән орындау стилі.

Ayree-дің жеке әртіс ретіндегі дебюттік әндері - Show, "Қинама мені" және  ARAY-мен дуэт болып шырқаған "Кешір мені" әні тыңдарман жүрегін бірден жалап алды. Әншінің репертуарында тек ана тіліміздегі әндер ("Мен сені сүйем") ғана емес,  орыс ("Не уходи"), ағылшын (Vibe), тіпті қытай тіліндегі (Guāng zhī yǎn) тректері де бар. Ayree Димаш Құдайберген, Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Көшқалиев, Timmy J, Kyle Ruh және басқа да музыканттармен дуэт жазған. Ал "Мәңгілік ел дауысы" шоуында жиналған көрермендердің бәрі сүйікті әншілерімен бірге ән салады, Ayree бұл кешті тағатсыздана күтіп жүр.

- Сіз үшін "Мәңгілік ел дауысы" караоке-шоуының маңызы неде?

"Мәңгілік ел дауысы" шоуында маған айрықша ұнайтын жайт–оның басты ерекшелігі: сахнада кәсіби әншілер өнер көрсеткен кезде көрермендер үшін арнайы үлкен LED-экрандарға караоке мәтіні шығарылады. Мен өткен жолы өнер көрсеткен кезде бүкіл зал қосылып, менімен бірге ән салды! Бұл тұсы өте ұтымды ойластырылған, өйткені әртіс те, көрермендер де ерекше сезімдерге бөленеді. Меніңше, бұл – керемет идея, жиналған жұртқа да, менің өзіме де өте ұнайды.

Айта кетерлігі, "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуында мен бірінші рет қатысқалы отырған жоқпын.  Тыңдармандарым жақсы көретін мұндай шараға тағы да қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл концерт менің жаныма жақын – өйткені көрермендер әртістерді әрдайым жылы қарсы алады. "Мәңгілік ел дауысы" жыл өткен сайын жалғасын тауып, баршамызды қуанта беруін тілеймін.

- Шоуға арнап қандай бағдарлама әзірлеп жатырсыз?

Бұл концертке талантты музыкант, композитор Әділжан Толықпаев жетекшілік ететін Saz&Soul тобының live-бэндімен бірге керемет бағдарлама дайындап жатырмыз.  Біз таңдаған әндерге тоқтаусыз көңіл көтеруге, бірге қосылып шырқауға, билеуге болады.  Дәл осындай плейлист тыңдармандарға ұнайды деп үміттенемін – онда жаңа тректер де, ескі шлягерлер де бар.

2023 жылдағы шығармашылық өміріңіз туралы айтып беріңізші. Қандай жобалар бар, қандай әндер мен концерттік бағдарламалармен айналысып жатырсыз?

2023 жылы шығармашылығымда көп жаңалық болды. Биыл дуэттер мен фиттерге бай жыл болды. Оған қоса, осы жылы біраз әдемі ән жаздық – олардың көбісі, әрине, махаббат тақырыбында. Кейбір әндерім музыка платформаларына шықты, тыңдармандарым жүктеп, тыңдай алады. Қалғандары тыңдармандарыма жасайтын әдемі тосынсый ретінде өз релизін күтіп отыр.

Шынын айтқанда, қазір жыл соңына қарай жұмыс өте көп – түрлі фестивальдерге, концерттерге қатысып, бағдарламаларға түсіп жатырмын. Қазақстандықтар біртіндеп жаңажылдық көңіл-күйге бөленіп жатқанын байқадым. Алдағы жыл бәріміз үшін бұдан да табысты болады деген үміттемін.

Қалай ойлайсыз, қазақстандықтар табиғатынан ән мен биге жақын халық екенін ескерсек, елімізде караоке форматындағы концерт ұйымдастыру қаншалықты тиімді болады?

Меніңше, көрші елдердің бәрі мойындайтын шығар – қазақстандықтар расында да аса дарынды, әсіресе, музыкаға өте бейім халық. Бұл – біздің қанымызда бар қасиет – мұны балаларымыздан да байқауға болады. Мен әр алуан шығармашылық конкурстарда әділқазылар алқасында болып, балалардың өнеріне баға беріп көрдім – кез-келген конкурс әрдайым жоғары деңгейде өтеді. Бұл кішкентай жұлдыздарымыздың болашағы жарқын, жолдары ашық болсын деп тілеймін.

- Жанкүйерлеріңізге 16 желтоқсанға айтар тілегіңіз қандай?

Қазақстандықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға игі жақсылық тілеймін, елімізде береке-бірлік пен молшылық болсын. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, бақыт, махаббат, ашық аспан тілеймін. Сәттілік баршамызға серік болсын! "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуында кездескенше!

Еске салсақ, ұлттық караоке форматындағы алғашқы концерт 2019 жылы ұйымдастырылып, залда аншлаг болған еді. Шоу жанкүйерлері екінші рет сүйікті әншілерімен бірге ән салуға 2022 жылы, пандемиядан кейінжиналып, еліміздің басты мерекесі – Республика күнін атап өтті. Биыл концерт билеттері санаулы күн ішінде сатылып кетті. Бұл – нағыз ұмытды формат пен халықтың орындаушыларға деген махаббатының айқын дәлелі!

Баршаңызды 16 желтоқсан күні Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін "Мәңгілік ел дауысы" шоуында күтеміз. Бірге ән сал!

Massaget.kz