1 наурыз – "Алғыс айту" күні

"Алғысым шексіз!". Осылайша, наурыз айының беташар күні мерекелік құттықтау, бір-біріне деген ыстық ықылас пен ризашылық сөздермен бастау алды. Қаhарлы қыс бітіп, жайма шуақ мезгіл көктемнің алғашқы мерекесі тойлануда. Бүгін – "Алғыс айту күні".

2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын мереке. Азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні. Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын атаулы күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын символы.

Жалпы, бұл мереке тансық дүние емес. Олай болатын себебі, әлемнің түрлі елдерінде атап өтіледі. Тек олардың өзіндік тарихымен, өзге бекітілген датасы бар. Мысалға алатын болсақ, “Алғыс айту күні” АҚШ, Германия, Израиль, Англия, Оңтүстік Корея сынды бірқатар мемлекеттерде тойланады. 

Бұл мерекеде АҚШ-та күркетауық пісіріп отбасылық кеш жасаса, Англия, Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде астық пен молшылық үшін Құдайға алғыс айтады. 

Израиль халқы да Суккот мерекесі – алғыс айту күні 3000 жылдан бері тойлап келеді. Шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүретініне тағдырға алғыс айтады. Көшеге шағын шатыр тігіп, жеміс-жидек, көкөністермен дастарқанды әрлеп, отбасы мүшелері кешкі ас ішеді, барлығына алғыс жаудырады. 

Адам бір-біріне алғыс айту арқылы көңілде жүрген өкпе-ренішін жуып-шаяды. "Алғыс айту күні" – Қазақстан азаматтары бірлігі мен ынтымағының жарқын үлгісі.