Бұлбұл Қартанбаева: Қазақстанда хоккеймен шұғылдану үшін қалтаңа қарайсың

Бұлбұл Қартанбаева: Қазақстанда хоккеймен шұғылдану үшін қалтаңа қарайсың
Фото: hcbarys.kz

Кейінгі жылдары елімізде қыздар хоккейі жақсы дамып келеді. Қазақстандық қыздар мұзайдында шайба ұрып, көп команданың қатарынан көрініп келеді. Осы ретте мұхит асып, АҚШ-та ойнап жүрген тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы Бұлбұл Қартанбаева жайлы айтып өтпеу мүмкін емес. Хоккейші Америкада тек ойыншы мансабын жалғастырып қана қоймай, балалар командасын да жаттықтырып жүр. 

– Бұлбұл, жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймыз. Сіз АҚШ-та ойнаған тұңғыш қазақ хокейшісі ғана емес, алғашқы жаттықтырушы да болдыңыз. "Princeton Tiger Lilies team 14U AA Black" командасы сізді қалай қарсы алды?

– Жаттықтырушы ретінде 6-7 жылдық тәжірибем бар. Қазақстанда жүргенде де, Канада мен АҚШ-та да командаларды жаттықтырғанмын. Былтыр бас бапкердің көмекшісі қызметін атқардым.

Жаңа командам жақсы қабылдады. Дегенмен жаттықтырушылықтың өз қиындығы бар. Командамен байланысым жақсы деңгейде дей алмаймын. Өйткені әлі күнге тіл жағынан қиындық болады. Ағылшынша сөйлеймін десем де, жетік білмеймін. Кейбір сәтте ойыншылармен бір-бірімізді түсіну қиынға соғады. Сол үшін де әлі күнге дейін ағылшын тілін үйреніп жатырмын. 

Сондай-ақ, команданың құжаттарын дұрыстау, оның құрамын жасақтау секілді жұмыспен алғаш рет айналысып жатырмын. Сол себепті қиындықтар бар.

– Жаттықтырушы қызметіне келсеңіз де ойыншы мансабын аяқтаған жоқсыз. Екеуін қатар алып жүрмексіз бе?

– Иә, екеуіне де үлгеремін деп ойлаймын. Ойыншы мансабымды міндетті түрде жалғастырамын.

– Қазақстанда да біраз уақыт ойнадыңыз... 

– Кейінгі уақытта үкімет хоккейдің дамуына жақсы көңіл бөліп келеді. Ұлттық құрама да, балалар хоккейі де ақырындап дамып келеді. Дегенмен спортқа келген әрбір адамның денсаулығы... Мысалы, АҚШ-та спортшыларға көп төлейді. Олардың барлық жағдайы жасалған. Осы жағынан алғанда Қазақстанда да солай болғанын қалаймын.

– Неге мұхит асып, Канадаға кетуге бел будыңыз?

– Канадада ойнау арманым болатын. Ол жақтың біраз командаларын қарастырып, іздестіріп жүретінмін. Әр лигадағы клубтарға хат жолдап, құжаттар толтырып, бағымды сынап көрдім. Күндердің бірі күні арманым аян болды. 

АҚШ-қа келе сала бәрі басқаша екенін түсінесіз. Дегенмен 3-4 жыл тұрған соң ба үйренісіп кеттім. Мәдениеті де, өмір сүру салты да өзгеше елде тұру қиын екені сөзсіз. 

– АҚШ пен Қазақстан хоккейін салыстыру қиын шығар. Дегенмен Америка хоккейінің 5 артықшылығын айтып беріңізші.

– АҚШ-та қыздар хоккейіне жақсы көңіл бөлінеді. Жанкүйерлер де көп. Хоккейді қыздар да ойнай алатынына ешкім таңғалмайды, керісінше барынша қолдау көрсетеді. Соңғы 3-4 жылда АҚШ құрамасы әлемде көшбасшы командаға айналды. Халықаралық жарыстарда топ жарып, әлем чемпионы да атанды. Бұл дегеніміз АҚШ-та қыздар хоккейі басқа әлемнен бір адым алда екенін аңғартады.

АҚШ хоккейінің Қазақстан хоккейінен бес артықшылығы: жылдамдық, ойлау қабілеті, физикалық жағынан мығым, жақсы дамыған. Жыл сайын хоккейге жаңашылдық енгізіп, тез дамуына әсер етіп жатыр.

– Неге хоккейде қазақ қыздары аз деп ойлайсыз?

– Ел арасында хоккей қыздарға арналмаған деген стреотип қалыптасқан. Сол себепті қыздарымыз бұл спорт түріне көп келе бермейді. Оған қоса хоккей қымбат спорт. Барлық хоккей секциялары ақылы. Бір ғана арнайы киімді алу үшін 100-200 мың теңгеге шығындалу қажет. Қазақстанда хоккеймен шұғылдану үшін қалтаңа қарайсың. Сол үшін де көбіне қыздарымыз мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика секілді спортпен айналысады. 

– Ел арасында қысқы спорт түрлері қазақ менталитетіне келмейді деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұлай демес едім. Жалпы қысқы спортты елімізде жақсы қолдайды. Оның дамуына көп мүмкіндіктер жасалынып жатыр. Триатлон, шаңғы жарысы жақсы дамып келе жатыр. Бастысы еліміздің көк байрағын көтеріп, оның атын әлемге паш етсең қандай спорт түрі екені аса маңызды емес деп ойлаймын.

А. Рысдәулет