Жаһандық милитаризация индексі деген не және Қазақстан қай орында?

Қандай жағдай болмасын елдің қорғаныс қабілеті, әскери дайындығы маңызды рөл атқарады. Әскери қызметкерлер мен олардың жаттығу деңгейі, қару-жарақтың сапалы әрі жеткілікті болуы да назарға алынуы тиіс. Қазақстанның әскери қауқары мен сан-сапасына үңілу үшін әлемдік рейтингке көз жүгірттік. Жыл сайын BICC орталығы әр мемлекеттік әскери күші мен құралдарын назарға ала отырып Жаһандық милитаризация индексін (GMI) жариялайды. 

GMI рейтинг жарияламастан бұрын елдің әскери шығынын жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) және денсаулық сақтау саласына жұмсалған шығындармен салыстыра отырып жасайды. Мысалы, әскери қызметкерлер мен дәрігерлер саны да есепке алынады. Әскери жабдықталған елдегі қару күші, саны мен олардың сапасы да ескеріледі. 

Соңғы деректер бойынша GMI рейтингінде көш бастаған елдер тізімі мынадай: Израиль, Армения, Оман, Бахрейн, Сингапур, Сауд Арабиясы, Бруней, Ресей, Кувейт және Иордания. Аталған мемлекеттер қоғамның өзге салаларына қарағанда әскери салаға әлдеқайда көбірек қаражат жұмсаған. Америка Құрама Штаттары болса – 27, Қытай – 98 орында. Қазақстан көрсеткіш бойынша 60-орынға жайғасқан. 

GMI рейтингіні жасау барысында үш негізгі бөлімге назар аударады: шығын, қызметкерлер мен ауыр қарулар. ЖІӨ және Денскулық сақтау саласына жұмсалған қаражат пен әскери шығынды салыстыра отырып, ортақ көрсеткішті көрсетеді. Үкіметтің әскери бюджетке бөлетін қаржылық ресурсы арқылы оның қарулы күштерінің әлеуеті мен көлемін анықтауға болады.

GMI басты назарға әскери бюджеттің жалпы көлемі мен денсаулық сақтау саласына мемлекеттік шығындар арасындағы салыстыруды алады. Көрсеткіш бойынша Қазақстанда әскери күштерге жұмсайтын шығыны — орташа. 

Әскери шығыннан бөлек әскерилендіру көсрсеткіші әскери қызметкер негізінде жасалады. Соның ішінде толық халық саны мен дәрігерлерді есепке алады.

Әскери қызметкерлер ретінде мемлекет қарауында шеңді адамдар, қызметте жүргендер немесе әскери дайындықтан өткендер, қару ұстанатын заңды қызметкерлерді алады. Қазақстанда бұл көрсеткіш – төмен. Яғни халық санына шаққанда, әскери қызметкерлер жеткіліксіз.

Сонымен қатар, әскерилендіру деңгейінің маңызды бөлігі – ауыр қару түрлері. Оны халық санына шаққанда деп есептейді.

Ауыр қару түріне бронетехника (бронетранспортер, жеңіл танк, негізгі әскери танк), артиллерия (бірнеше рет ұшырылатын зымырандық жүйелер, өздігінен жүретін артиллерия, сүйрелетін артиллерия) жатады. Біздің елімізде ауыр қару көрсеткіші —  жоғары.  

Нәтижесінде әскери шығындар индексі орташа есеппен алғанда жоғары көрсеткішке ие. GMI 2020 жинақтаған дерек бойынша әскери күші жоғары және орташа көрсеткішке ие мемлекеттер көбірек денсаулық сақтау саласына мән берген.

COVID-19 көптеген мемлекет бюджетіне айтарлықтай әсер етті. Соның есебінен көптеген мемлекетте жақын аралықта әскерилендіру шығындары азаюы мүмкін дейді GMI зерттеушілері. 

Айта кетейік, жыл сайын әр елдің әскери қуатын бағамдайтын Global Firepower рейтингі де бар. Қазақстан мұндағы рейтингте 62-орынға жайғасқан.