Алтын қоры көп 10 мемлекет

Алтын қоры көп 10 мемлекет
Фото: Freepik

Алтынның адамзат тарихындағы орны ерекше. Ежелден байлықтың негізгі нышаны болып келе жатқан алтынды бүгінде мемлекеттер мен алпауыт қаржы ұйымдары жинайды. Қоры алтынға бай елдер кез келген дағдарыстан аман өтетініне сенімді болады. Өйткені бұл металл экономикалық тоқырауларға шыдамды, өз бағасын мәңгі сақтайды. Назарыңызға алтын қоры көп 10 мемлекетті ұсынамыз.

10. Үндістан – 642 тонна

Бұл ел алтынды өте жақсы көреді, жергілікті тұрғындары да алтыннан жасалған әшекейлерді жиі сатып алады. Әсіресе күз-қыс маусымдарында Үндістандағы алтын базары қыза түседі.

9. Жапония – 765 тонна

Экономикалық жағынан үштікке кіретін бұл ел алтын қоры жағынан да жетекші мемлекеттердің бірі саналады. Жапондар қажет болғанда мемлекетке меншігіндегі алтындарды өткізуге дайын.

8. Швейцария – 1,040 тонна

Екінші дүниежүзілік соғыста бейтарап саясат ұстанған Швейцария сол уақытта алтын саудасының орталығына айналған еді. Қазір алтын базары Азияға, негізінен Гонконг пен ҚХР-ға ауысып кетті.

7. Қытай Халық Республикасы – 1,948 тонна

Кешеге дейін Қытай алтын қорын құпия ұстап келді. Бірақ кейінгі жылдары олар мұны сыр тұтпайтын ашық саясат ұстанып жатыр. Бұл елде бір қарағанда алтын қоры аздай көрінуі мүмкін және бұл табиғи жағдай. Себебі ҚХР өзінің жалпы байлығының 2,5 пайызын ғана алтын күйінде, қалғанын қымбат қағаздар мен түрлі валюталарда сақтайды.

6. Ресей – 2,288 тонна

Кейінгі жылдары Ресейдің орталық банкі алтынды көптеп сатып алып жатыр. Оған себеп те бар. Жиі санкциялар нәтижесінде Ресей алтын қорын көбейтуге және осы жол арқылы өз экономикасы мен валюта құнын түсірмеуге тырысады.

5. Франция – 2,436 тонна

Франция ұлттық банкі кейінгі уақытта алтынын сатып жатыр. Бірақ сонда да француздардың бағалы металы таусылар емес. Ежелден отар елдерді ұстаған бақуатты мемлекет алтын қорын барынша көбейтіп алған.

4. Италия – 2,452 тонна

Италиялықтар байлығын алтын күйінде сақтағанды жөн көреді. Осылай олар алтын қоры бойынша әлемдегі ондыққа кіретін мемлекеттің біріне айналып отыр.

3. Халықаралық валюта қоры – 2,814 тонна

Үштіктен орын алған жалғыз қаржы ұйымы. АҚШ-та орналасқан БҰҰ-ның қарамағындағы мекеме. Бүгінде Халықаралық валюта қоры нарықтағы алтынды сатып алып, сатумен айналысатын ең алпауыт ұйым.

2. Германия – 3,364 тонна

Германия алтынының басым бөлігін Франция мен АҚШ-та сақтап келді. Бірақ 2013 жылдан бастап оларды қайтара бастады. Осы уақытқа дейін 675 тоннасын елге қайтарып үлгерген. Алтын бағасы түссе немесе көтерілсе де бұл ел алтын қорын көбейтіп жатқан мемлекеттер қатарында.

1. АҚШ – 8134 тонна

Алдыңғы екі мемлекет пен ХВҚ-ның алтын қорын қосқанда ғана АҚШ-тың алтын қорына жетеді екен. Бұл қымбат металл Кентуккидегі Форт-Нокс, Филадельфия қоймасы, Денвер және Сан-Франциско депозиттерінде сақталады. АҚШ алтын қорын өз жерінен (негізінен Аляскадан) қазып алу арқылы ғана емес, шетелдерден сатып алу арқылы да көбейткен.


Қазақстан – 388 тонна

Қазақстан алтын қоры бойынша әлемдегі 15 мемлекеттің қатарына кіргелі 2 жылға жуықтап қалды. Қазір еліміздің алтын қорында 388 тонна бағалы металл бар екен.

А. Рысдәулет