Джек Ма Қазақстанға гуманитарлық көмек жолдады

Джек Ма Қазақстанға гуманитарлық көмек жолдады
Фото: vk.com

Қытайдың ең бай адамы, миллиардер, Alibaba корпорациясының негізін қалаушы Джек Ма Қазақстанға көмек ретінде медициналық қорғаныс құралдарын жіберген. Бұл туралы СІМ хабарлады.

2020 жылғы 10 сәуірде Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен Шицзячжуан қаласынан (Хэбэй провинциясы ) "Джек Ма" және "Alibaba" қорларынан медициналық қорғаныс құралдары Алматы қаласына жеткізілді.

Көлемі 4,5 тонналық гуманитарлық жүктің ішінде 500 мың түрлі медициналық маска, 5 мың қорғаныш костюм, 50 мың медициналық қолғап, сондай-ақ түйіспесіз термометрлер бар.

Джек Ма: "Біз мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз"

Сонымен қатар, алдағы күндері аталмыш қорлар Қазақстанға СOVID-19 вирусын анықтайтын экспресс-тестілерін және өкпені жасанды желдету аппараттарын жіберуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Әлемдегі ең бай адамдардың бірі, "Alibaba" корпорациясының негізін қалаушы Джек Ма (шын аты-жөні – Ма Юн) 1964 жылы 15 қазанда Шэньчжоу қаласының Гулай ауданында өмірге келген. Қытай кәсіпкері, атақты "Alibaba Group" корпорациясының негізін қалаушы және төрағасы. Фотосуреті Forbes журналының мұқабасында жарияланған Қытайдағы алғашқы бизнесмен. 2014 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша кәсіпкердің жалпы байлығы 32,7 миллиард долларға бағаланып, Қытайдағы ең бай адамы атанды. Ал әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 18-орында.

А. Оралқызы