Қазаққа “Алғыс айту” керек пе?

Биыл елімізде төртінші рет “Алғыс айту күні” аталып өтті. Бұл мейрамды 2016 жылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде “Алғыс айту күні” деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойғаннан бастап атап өтіп келеміз.

Биылғы “Алғыс айту күніне” байланысты әлеуметтік желілерден түрлі қарама қайшы пікірлерді көзіміз шалды. “Кім кімге алғыс айтуы керек?”, “Қазақтар өзгелердің алғысына зар ма?” деген сынды пікірлерді де оқыдық. Осының ақ-қарасын ажырату үшін “Алғыс айту күніне” байланысты жоғарыдағы сұрақтардың жауабын іздеп көруге тырыстық.

                                                                                ©kaznews.kz
“Алғыс айту күнін” біз ғана ойлап тапқан жоқпыз, тек елімізде ғана аталып өтпейді. “Алғыс айту күні” АҚШ, Германия, Израиль, Англия, Оңтүстік Корея сынды бірқатар мемлекеттерде тойланады. 

Бұл мерекеде АҚШ-та күркетауық пісіріп отбасылық кеш жасаса, Англия, Германия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде астық пен молшылық үшін Құдайға алғыс айтады. 

                                                                                     ©akorda.kz
Ал еліміздегі Алғыс айту күнін белгілеу бастамасын 2015 жылы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. 

“Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамды өз туғанындай қабылдаған қазаққа алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді”, - деген еді Тұңғыш Президент.

                                                                                      ©total.kz
Неге өзге ұлт өкілдері қазақтарға алғыс айтуы керек?

Тарих дөңгелегін кері айналдырсақ, патшалық Ресей отарлауы, Сталиндік режим кезінде қазақ пен КСРО құрамындағы бірнеше халықтың басынан небір нәубет өткеніне куә боламыз. 

Столыпин реформасы кезінде қазақтардың небір шұрайлы жерлері мен суы мол өзендері тартып алынды. Сол жерлерге 700 мыңнан астам орыс және украин шаруалар қоныс тепті. 1930 жылы болса, Қазақстанға тағы да 250 мың басқа ұлт өкілдері жер аударылып, өнеркәсіп саласына миллионнан астам адам тартылды. Бұлардың бәрін де қазақ халқы алаламай бауырына тартты, өз жерінен жер бөліп берді. Репрессия, аштық жылдарында ешкімді сыртқа теппей бар қиындықты бірге көтерді. Қазақ жеріне мәжбүрлеп жер аударылғандарға бөтен деп қарамады. Бір нанды бөлісіп жеді. Сондықтан “Алғыс айту күні” елбасы айтпақшы өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға алғыс айтуы десек орынды болар еді. Бұл қазақ халқының бауырмалдығына, мейрімділігіне, кеңдігіне деген алғыс. 

                                                                               ©astana-akshamy.kz
“Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады”, - деп айтқан болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

                                                                                     ©astana-akshamy.kz
Бұдан бөлек қасап-қырғын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қазақ отбасылары өзге ұлттың қаншама баласын бауырына басты. 

Мұхтар Мағауиннің “Бір атаның балалары” повесіндегі Дауренбек ақсақал сынды неміс болсын, басқа болсын ұлтына қарамады. Бөтен деп бөлмей бауырына тартты. 

Қазіргі Қазақстандағы көп ұлт өкілдерінің тыныштық түтінін түтетіп отыруы да, қазақ ұлтының өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп, бүгінгі тәуелсіздікке аман-есен бірге жетуі сол зұлмат жылдардағы қазақтың кеңдігі мен мейрімділігі деп білеміз.

Қазақтар неге бір-біріне алғыс айтуы тиіс?

1 наурыз көктемнің басы, жаймашуақ өмірдің, тіршіліктің жанданатын уақыты. Адамдар қытымыр қыстан аман шығып, қой төлдеп, көк өскін өніп шығатын кез. Ендеше Наурыздың бірінші күні де қуаныш. Қазақ халқы осы күнде бір-біріне алғыс айтса оның несі айып, несі кемшілік. Алғыс айту бірлікке, татулыққа һәм ынтымаққа шақырудың басы емес пе? Қазақта: "Алғыспен ел көгерер", "Алтын алма, алғыс ал: алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы" деген сөз бар емес пе?! Бір-бірімізге кішіпейілділік танытып жатқаннан кішірейіп қалатын ешкім жоқ. 

Израиль халқы да Суккот мерекесі – алғыс айту күні 3000 жылдан бері тойлап келеді. Шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүретініне тағдырға алғыс айтады. Көшеге шағын шатыр тігіп, жеміс-жидек, көкөністермен дастарқанды әрлеп, отбасы мүшелері кешкі ас ішеді, барлығына алғыс жаудырады. 

Адам бір-біріне алғыс айту арқылы көңілде жүрген өкпе-ренішін жуып-шаяды. "Алғыс айту күні" – Қазақстан азаматтары бірлігі мен ынтымағының жарқын үлгісі.