Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы да қайтыс болды

Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы да қайтыс болды
Фото: ult.kz

Блогер Денис Кривошеев Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының екінші ұшқышы Мейіржан Молдақұлов өз үйінде қайтыс болғанын жазды.

“Кешке өкпе тромбоэмболиясынан 2019 жылдың 27 желтоқсанындағы әуе апатынан аман қалған Bek Air компаниясының екінші пилоты Мейіржан Молдақұлов қайтыс болды. Кеше ғана ол өзін жақсы сезінген, сауығып келе жатқан еді. Одан жауап та алынды, және де ол үлкен сұқбат беруге дайындалып жүрген болатын”, - деп жазды Кривошеев.

Қазақстанға Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы аталған ақпаратты растады.

“Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші пилоты 28 қаңтар күні қайтыс болды. Сағат 18.00-де жедел медициналық жәрдем қызметіне денсаулықтың күрт нашарлауына қатысты хабар түсті. Жедел жәрдем уақытында келді. Жүрекке реанимациялық шаралар жасалды, бірақ нәтиже болмады”, - деді ведомстводан.

Айта кетейік, Bek Air ұшағының екінші пилоты Мейіржан Молдақұлов 21 қаңтарда тұрақты халде №4 қалалық клиникалық ауруханадан үйіне шығарылғанын еске салды. Одан кейін оның емханада амбулаторлық ем қабылдап, кардиолог, хирург, терапевт пен психолог бақылауында болған.

Осы орайда Ішкі істер министрлігі екінші ұшқыштың өліміне қатысты түсініктеме берді.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Бек Эйр-дің құлаған ұшағының екінші ұшқышы неден көз жұмғанын сот-медициналық сараптама анықтайтынын айтты.

“Адам өлімінің кез келген фактісі бойынша қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалады. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқыштың өліміне әуе апатынан алған жарақаты немесе басқа да криминалды фактілер себеп болмаған. Мәселе оның денсаулығында шығар, бәлкім. Бірақ мұның бәрін сот-медициналық сараптама нақты көрсетеді”, - деді Қожаев мәжіліс кулуарында.

Т. Раушанұлы