Иранда құлаған украиналық ұшақта Қазақстан азаматтары жоқ – СІМ

Иранда құлаған украиналық ұшақта Қазақстан азаматтары жоқ – СІМ
Фото: interfax.ru

Иранда апатқа ұшыраған украиналық ұшақта Қазақстан азаматтары жоқ, деп хабарлады бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

"Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген ақпараты бойынша, апатқа ұшыраған Украина әуе компаниясының ұшағында қазақстандықтар жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық консул консулдық есепте тұрған Қазақстанның барлық азаматымен байланысып орнатып жатыр", - деді Айбек Смадияров.

Қазіргі уақытта Иранда Қазақстан Республикасының 174 азаматы тіркелген.

Айта кетейік, осыған дейін Иранда 180 жолаушысы бар украиналық ұшақ апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортындағы барлық жолаушы мен экипаж мүшелері қаза тапқан. Ұшақтың апатқа ұшырауына қозғалтқыштың жанып кетуі себеп болған деп болжанып отыр.

Т. Раушанұлы