17 жасар биолог медицинада жаңалық жасамақ

17 жасар биолог медицинада жаңалық жасамақ
Фото: tengrinews.kz

"Қазақстанның талантты балалары" жобасының келесі кейіпкері – 17 жасар астаналық Аманжол Қуантай. Ол биологиядан Қазақстан және әлем чемпионы. Аманжолдың ДНҚ-ның молекуляр құрылымын зерттеп, медицинада жаңалық ашамын деген мақсаты бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оқушының ғылымға құштарлығы бастауыш мектепте басталған, бірақ биологиядан емес. 

"Бала кезден математиканы жақсы көрдім. Екінші және үшінші сыныпта Англиядағы католик мектепте оқып, сол жерде математикаға әуестенe бастадым. Әкем ҚТЛ-да ("Білім-Инновация" лицей-интернаты) оқыған, мен де лицейде оқимын деп шештім", - дейді Аманжол Қуантай.

Оқушының ата-анасы Қазақ бас сәулет құрылыс академиясында (ҚазБСҚА) білім алған.

"Мен ата-анам екінші курс оқып жүргенде дүниеге келіппін. Соған қарамастан олар менің тәрбиеме тығыз араласты, бірақ мамандық таңдауда ерік өзімде болды. Биологияға жетінші сыныпта қызыға бастадым. Мен бұл пәнді жөнді білмейтінмін, сол үшін де дұрыстап меңгергім келді. Маған сондай-ақ, ұстазым Ильяс Сатимов әсер етті. Сол кісінің арқасында биологияға ғашық болым. Маған ДНҚ, молекуляр құрылымды зерттеу қызық болды", - дейді ол.

Қазірдің өзінде жас биолог республикалық олимпиаданың 5 дүркін чемпионы, халықаралық олимпиадалардың алтын және күміс жүлдегері атанып үлгерді. 

"Алғаш 7-сыныпта лицейлер арасындағы биология олимпиадасына жазылып, алтын жүлдеге ие болдым. Келесі жылы республикалық деңгейде алтын жеңдім. Сол жылы халықаралық олимпадада алтын алдым. 9,10-сыныпта республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, 2018 жылы Тегеранда өткен олимпиадада күміс медаль иелендім", - дейді Аманжол.

Нақты ғылымдардан бөлек оқушы теннис пен футбол ойнайды. 

"Мен футболды көп ойнаймын, қазір аптасына үш рет жаттығып тұрамын. Ал тенниспен көбіне өзім үшін айналысамын", - деді ол. 

Жастығына қарамастан оқушы қоғамға медицина арқылы үлес қосуға мүдделі.

"Қазір бағдарламалауды меңгеріп жатырмын. Биоинформатик атанып, генетикалық кодты зерттеу жоспарда бар. Мен генетикалық кодтың шифрын анықтағым келеді. Әлемде ДНҚ-кодтың шифры ашылған дайын аналог бар, бірақ онда тек жалпылама деректер. Бұл медицина үшін ең керек нәрсе. Әр адамның гентикалық кодын білу арқылы жеке-жеке медикаменттер қолдануға болады. Мысалы адам ауырып қалды делік, дәрігерлер оған бәріне ортақ медикаменттер береді. Бұл емделушіге кері әсер етуі мүмкін. Индивидуал медицинаны қолдану керек, дәл осы саланың болашағы бар. Бұл – медицинаның жаңа деңгейі", - дейді ол. 

Қазірдің өзінде біраз ЖОО Аманжолды оқуға қабылдауға дайын. Бірақ қазақстандық жас ғалымның таңдауы қытайлық университетке түскен.

"Мен түрлі университетке түстім, олардың саны көп, біразы Қытайда. Гонконг ғылым және технология университетінің (Hong Kong University of Science and Technology) ғылым факультетін таңдадым. IT мен биологияға қатысты пәндерді таңдайтын боламын", - деп жоспарымен бөлісті оқушы.

Еске салайық, Tengrinews.kz редакциясы "Қазақстанның талантты балалары" жобасын бастаған еді, оның мақсаты – біздің, қазақстандықтардың жас дарындары жайлы білсін деген ниет. Елімізде ең ақылды, өнерлі, алғыр балалар бар деп сенеміз. Егер сіздің балаңыз қандай да бір дарынымен таңғалдырса, ол жайлы оқиғаңызды бізге kids@tn.kz поштасына жіберіңіз. Сондай-ақ, сайтта көрсетілген телефондар арқылы редакцияға хабарласып, әңгімелеп бере аласыз.

"Қазақстанның дарынды балалары" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр.

Massaget