Негізгі / Мәңгілік ел / Тоқаев Астана қаласын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды
Тоқаев Астана қаласын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ел президенті болды. Ант беру рәсімі Мәжіліс ғимаратында Қазақстан Парламенті палаталарының жалпы отырысы барысында өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасының Президенті ант беру салтанатты шарасында еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтің халыққа, Қазақ еліне сіңірген еңбегін бағалау керектігін айта келе, Астана қаласын Нұрсұлтан қаласы деп атауды ұсынды.

"Қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру қажет деп санаймын. "Сондай-ақ, Елбасыға құрметті сенатор статусы берілуі керек. Бірінші Президенттің суреттері мемлекеттік мекемелер ғимараттарында, кабинеттерде, білім ордаларында тұра береді"", - деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, үкімет мүшелер, шетелдік елшілер, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып жатыр.

Еске салайық, 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Бұл туралы ол республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемеcінде айтты. Президент келесі сайлау мерзіміне дейін өкілеттігін Сенат төрағасына тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі (1999-2002), 2013 жылдың 16 қазанынан бастап ҚР Парламенті Сенатының төрағасы қызметін атқарды.

Дайындаған: Тұрсынбек Раушанұлы
Фото: Азаттық радиосы
Қосылған күні: 20 наурыз 2019, 12:32