Жастар жылы: жас ғалымдарға бөлінетін гранттар 3 млрд теңгеге артады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке қазақстандық жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне жыл сайын бөлінетін гранттық қаржыландыруды 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырды.

«Қазір өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді жұмыс жүріп жатқанын білесіздер. Қоғамда түрлі бағыттар креатив ті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасып қалды. Сонымен қатар, жас ғалымдарға көмек көрсетуді де мықтап қолға алуымыз керек. Біз «Болашақ» бағдарламасын бекіткеніміздің дұрыс шешім болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біздің мемлекет үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысын бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберіп жаттық. Мемлекет әр жас үшін жыл сайын 30 мыңнан 50 мың АҚШ долларына дейін төлеп отырды. Міне, осы жолмен қазіргі таңда 14 мың жас өрен оқып, тағы да 20 мыңын ата-аналардың өзі жіберіп отыр. Олардың 12 мыңы қайтып келіп, біздің экономикаға жұмыс істеп жатыр», - деген еді президент Астанада өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.

Мемлекет басшысы Назарбаев университетін тілге тиек етіп, оқу орны түлектерінің білімін жетілдіру үшін әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатқанын атап өтті.

«12 мың «Болашақ» түлегі, Назарбаев университетінің түлектері, КиМЭП – бәрі де қазірдің өзінде біздің елдің келешектегі элитасын құрып жатыр. Жас ғалымдарға өз идеясын шынайы жобаларға айналдыруда көмектесу керек. Өзім тура осы мәселемен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке осы жұмысты арнайы бақылауға кеңес беремін. Бұл процеске Назарбаев университеті де кіріседі. Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Аталған Жастар жылының ашылуында бүкіл қазақстандықтар алдында айтылған тапсырма Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен министрліктің ғылыми айналымға арналған арнайы комиссиясының құзырына өтті.