Алматыда Әбділдә Тәжібаевтің 110 жылдық мерейтойы атап өтілді

Алматыда Әбділдә Тәжібаевтің 110 жылдық мерейтойы атап өтілді
Фото: abaialemi.kz

Биыл – Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург Әбділдә Тәжібаевтің туғанына 110 жыл. Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында айтылған Ұлы даланың ұлы есімдерін дәріптеуге байланысты еліміздің әр аймағында Әбділдә Тәжібаевтің 110 жылдығына арналып түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. 

Соның бірі бүгін, Алматыдағы  Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасында ақынның мерейтойына арналып, ұлт зиялылары қатысқан конференция өтті. 2019 жылы Әбділда Тәжібаевтың шығармалары "Бір ел – бір кітап" республикалық акциясы аясында оқу үшін таңдап алынған. Іс шараға келген оқырмандардан бөлек, академик Төрегелді Шорманов, ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев және ақынның қызы Рифа Әбділдәқызы Әбділдә Тәжібаевтің өмірінен естеліктер айтып, оның мұрасы келер ұрпаққа азық екенін атап өтті. 

"Үлкен алыптардың жалғасы еді. Үдесінің масштабы да, ақындығының кеңдігі де, азаматтығы да, батылдық, ерлік мінездері де барлығы да Әбекеңді көп адамдардан биік қойып көрсететін", – деді ғалым Серік Қирабаев. 

Төрегелді Шорманов: "Ол кісіні мен біздің Ұлытаудан шыққан кісі шығар деп ойлайтынмын. Шын мәнісінде, оның қызылордалық екенін кейін білдім. Бірақ ондай адамдар тек туған жерге ғана емес, бүкіл елі үшін, Қазақстан үшін қызмет етіп өтеді", – деп ақынға деген ыстық ықыластарын білдірісті. 

Айта кетейік, осыған дейін Астанада Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдық мерейтойына орай "Семсер жырдың қорғаны" атты поэзия кеші және 15 ақпанда "Әбділдә    Тәжібаевтың ақындық әлемі" атты әдеби кеші болып өтті. Іс шараға ақынның қызы Зифа Әбділдақызы, немересі, сондай-ақ, ҚР Жазушылар Одағының Астана филиалының директоры ақын Дәулеткерей Кәпұлы, жазушы, журналист Шәрбану Бейсенова, филолгия ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы  және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Т. Раушанұлы